Анкарада ІХ Әйелдер және этно-сән апталығы ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Анкарада ТҮРКСОЙ ұйымының IX Әйелдер және этно-сән апталығы басталды. Оған түркі әлеміндегі мемлекеттер мен өңірлердің дизайнерлері және мәдениет өкілдері жиналды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: Ақжігіт Чукубаев/Kazinform

Жиын тарихи «Эстергон» кешенінде өткен «ТҮРКСОЙ — Ұлы Жібек жолында» атты этно-көрсетіліммен ашылды. Іс-шараны Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ), Түркияның Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) және Анкараның Кечиөрен ауданының әкімдігі ұйымдастырды.

Көрсетілімге түрлі елдерден, соның ішінде Қазақстаннан келген 20 дизайнер қатысты. Сән алаңында ұлттық киім үлгілері, дәстүрлі ою-өрнектер мен қолөнер техникасы негізінде әзірленген заманауи топтамалар ұсынылды.

Фото: Ақжігіт Чукубаев/Kazinform

Мәдени мұраны сақтаудағы әйелдердің рөліне ерекше мән берілді. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың жұбайы Сағынбюбю Алаева дәстүрлі киімдер, ою-өрнектер мен кесте өнері Түркі халықтарының ғасырлар бойғы мәдени жадын айшықтайтынын атап өтті. Кечиөрен әкімі Филиз Өзәрсланның жұбайы ұлттық дәстүрлерді кеңінен насихаттауда заманауи дизайнның маңызы зор екенін айтты.

Фото: Ақжігіт Чукубаев/Kazinform

Бағдарламаның музыкалық бөлігін Саха (Якутия) елінен келген әнші Юлиана Кривошапкина ұсынды. Сонымен қата апталық аясында дәстүрлі киімдер мен заманауи этникалық образдарды пайдалана отырып, Анкараның тарихи-мәдени орындарында фотосессиялар ұйымдастырылды.

Фото: Ақжігіт Чукубаев/Kazinform

Анкарадағы іс-шаралардан кейін ТҮРКСОЙ-дың IX Әйелдер және этно-сән апталығының бағдарламасы Каппадокия мен Измирде жалғасады.

Бұған дейін Түркияның Конья провинциясындағы Селжүк университетінде Түркі әлемі елдері мен өзге де мемлекеттерден келген жас зерттеушілердің басын қосқан VIII Дәстүрлі жазғы мектеп өз жұмысын бастағанын жазған болатынбыз.