Анклавта екі күн ішінде 90-нан астам адам қаза тапты

Фото: Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Газа денсаулық сақтау министрлігі анклавта екі күн ішінде 90-нан астам адамның қаза тапқанын хабарлады. Бұл туралы ТАСС хабарлады. 

Газа секторында өткен 48 сағат ішінде Израильдің әскери операциясы салдарынан кемінде 92 палестиндік қаза тауып, шамамен 220 адам жараланған. Бұл туралы Газа Денсаулық сақтау министрлігі өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

— Соңғы екі тәулікте Газада 92 адам қаза тауып, 219 адам жараланды, — делінген ведомство есебінде. 

Министрлік 2023 жылдың қазан айынан бері Газада қаза тапқандардың жалпы саны 51 157 адамға, ал жараланғандар саны 116 724 адамға жеткенін мәлімдеді.

18 наурызда Израиль армиясы қаңтарда жарияланған атысты тоқтату режимін бұзып, Газадағы әскери әрекеттерін қайта бастады. Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі мұны ХАМАС қозғалысының АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен делдалдар ұсынған келіссөз шарттарынан бас тартуымен түсіндірді. Израиль бұл операцияның мақсаты — барлық тұтқындарды босату екенін айтты.

Өз кезегінде ХАМАС қозғалысы әскери әрекеттердің қайта басталуына Израиль мен АҚШ-ты кінәлап отыр.

Айта кетелік ХАМАС барлық тұтқынды босатуға дайын екенін мәлімдеген еді.