АСТАНА. KAZINFORM – Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті.
Жекелей сында Польша өкілі Ига Швентек бұрынғыша көш бастаса, Қытайдағы Ухань WTA 1000 турнирінің жеңімпазы атанған белоруссиялық Арина Соболенко екінші орында келеді.
Америкалық Кори Гауфф отандасы Джессика Пегуланы ығыстырып, үздік үштікке енді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 5-орында қалса, Уханьда үшінші айналымға дейін жетіп, А.Соболенкоға есе жіберген Юлия Путинцева 35-тен 32-ге жоғарылады.
Жұптық сында әлемдік рейтингіде Катержина Синякова (Чехия), Эрин Рутлифф (Жаңа Зеландия) және Людмила Киченок (Украина) алда тұр.
Уханьда жұптық сында жеңімпаз атанған қазақстандық Анна Данилина 31-ден бірден 22-орынға көтерілді.
Ю.Путинцева 114-тен 111-ге, Жібек Құламбаева 142-ден 139-ға ауысты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Қытайдағы WTA 1000 жарысының чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).