АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында алғаш рет әлемдегі үздік он теннисшінің қатарына кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, А.Данилина бүгін жаңартылған әлемдік рейтингіде 11-ден 10-орынға көтерілді.
Бұл – оның спорттық жолындағы жеке рекорды.
А.Данилина үндістандық Саня Мирзамен бірге Аделаида-2 (Аустралия) WTA 500 турнирінің алғашқы айналымында бүгін осы жарыстың бірінші ракеткалары, чехиялық Барбора Крейчикова – аустралиялық Сторм Сандерспен шеберлік байқасты.
Тартысты кездесуде бірінші партияда қазақстандық-үндістандық жұп басымдылық танытты – 6:3. Екінші сетте қарсыластары дәл сондай есеппен есе қайырды – 6:3. Супер тай-брейкте Б.Крейчикова мен С.Сандерс жеңісті жұлып алды – 10:6.
Енді А.Данилина С.Мирзамен бірге жылдың басты турнирлерінің бірі – Аустралия ашық чемпионатында өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бублик Жаңа Зеландиядағы жарыста бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Елена Рыбакина Аустралиядағы жарыста жеңіліп қалды.
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).