АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Астанада өтіп жатқан ITF World Tennis Tour «BeeTV 40 Women's» турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың бірінші ракеткалары болып тіркелген Анна Данилина белоруссиялық Ирина Шимановичпен бірге жартылай финалда нидерландылықтар Ясмин Гимбрере - Бибиана Схоофспен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-белоруссиялық жұп үш сетке созылған тартысты матчта 4:6, 6:1, 10:5 есебімен жеңіске жетті.
Анна мен Ирина финалда доданың екінші ракеткалары, оңтүстіккореялықтар Хан Лэ Хань - Су Джон Чанмен бас жүлдені сарапқа салады.
Анна Данилина ойыннан кейінгі сұхбатында ертеңгі кездесуде биылғы жылдағы алғашқы титулға қол жеткізу үшін бар шеберліктерін салатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Астанадағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).