АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Анна Данилина Аделаида WTA 500 турнирінің финалына шыға алмай қалды.
Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге жартылай финалда бразилиялық Беатрис Хаддад Майя – германиялық Лаура Зигемундпен соңғы бәсекенің жолдамасын сарапқа салды.
Бірінші партияда бразилиялық-германиялық дуэт басымдылық танытты – 6:2.
Екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте Данилина – Хромачева брейк жасап кетті – 7:5. Алайда супер тай-брейкте қарсыластары сәтті ойнады – 10:7.
Бір сағат 54 минутқа созылған тартысты матчта қазақстандық-ресейлік жұп 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Хаддад Майя – Зигемунд 1 эйс, 2 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын отандық теннисшілердің Аустралия ашық чемпионатындағы қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).