Отандық теннисшілердің Аустралия ашық чемпионатындағы қарсыластары анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Мельбурн қаласында теннистен Аустралия ашық чемпионатының жеребесі тартылды.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда осы «Үлкен дулыға» турниріне арнайы шақырту алған 16 жастағы аустралиялық, рейтингіде 371-орында тұрған Эмерсон Джонспен сынға түседі.
Бұл олардың өзара бірінші кездесуі болмақ.
Әлемнің 25-ракеткасы Юлия Путинцеваға рейтингіде 44-сатыдағы армениялық Элина Аванесян қарсылас атанды.
2023 жылы қыркүйекте Бейжің жарысының іріктеу сайысында Ю.Путинцева Э.Аванесянды 6:1, 6:4 есебімен ұтқан.
Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик рейтингіде өзінен екі саты жоғары тұрған аргентиналық Франсиско Серундоломен ойнайды. Бұл екеуінің бұрын бір-бірімен жолдары тоқайласпаған.
Рейтингіде 72-орындағы Александр Шевченко әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарасқа тап болды.
Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко және Тимофей Скатов іріктеу сайыстарынан өте алмады.
Елена Рыбакина 2023 жылы финалға дейін жетіп, онда Беларусь өкілі Арина Соболенкоға жол берген болатын. Ал өткен жылы екінші айналымда күтпеген жерден ресейлік Анна Блинковадан ұтылып қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Аделаидада әлемнің экс 2-раекткасын қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.