Юлия Путинцева Аделаидада әлемнің экс 2-ракеткасын қапы қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 25-ракеткасы Юлия Путинцева Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты.

Юлия Путинцева
Фото: Sports.kz

Қазақстандық теннисші 1/8 финалда әлемнің 40-ракеткасы, дүниежүзілік рейтингіде кезінде 2-орынға дейін көтерілген тунистік, «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш дүркін финалисі Онс Жабермен бетпе-бет келді.

Бірінші партияда Путинцева 3:0 есебімен алға кетті. Кейін өз геймін беріп қойғанымен, тағы екі брейк жасады – 6:2.

Екінші сетті де Юлия брейкпен бастады – 2:0. Ақыры матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4. 
О.Жабер ойын барысында жарақатын ауырсынғанымен, соңына дейін шыдай білді.

Бір сағат 21 минутқа созылған бәсеке барысында Путинцева 2 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Жабер 3 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.

Юлия Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, 20 жастағы ресейлік Диана Шнайдермен таласады. Ресейлік теннисші екінші айналымда рейтингіде 39-орындағы чехиялық Маркета Вондроушовамен кездесті. Бірінші партияда чехиялық спортшы 6:4 есебімен басым түсті. Бірақ екіншісінде есеп 1:1 болған мезетте М.Вондроушова матчты жалғастырудан бас тартты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Аделаида жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Зарина Дияс Таиландтағы турнирде үшінші кездесуінде жеңіске жетті. 

Соңғы жаңалықтар