АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирін жеңіспен бастады.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге алғашқы айналымда америкалықтар София Кенин — Дезире Кравчикпен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда тай-брейкте қазақстандық-сербиялық жұп сәтті ойнады — 7:6 (7:5).
Екінші сетте Данилина — Крунич тай-брейкке дейін жеткізген жоқ — 6:4.
Сағат жарымға созылған бәсекеде А.Данилина — А.Крунич 3 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жібермеді. Кенин — Кравчик 3 эйс, 2 брейкпен шектелді.
Анна Данилина — Александра Крунич ірі доданың жартылай финалына шығу үшін ресейліктер
Екатерина Александрова — Мирра Андреевамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Брисбен турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).