АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина Линц (Аустрия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге ширек финалдан сүрінбей өтті. Олар ресейліктер Анастасия Потапова – Яна Сизикованы ойсырата жеңді – 6:1, 6:2.
Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Данилина – Хромачева 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың алтауын мүлт жібермеді. Ресейлік дуэт 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
А.Данилина – И.Хромачеваның жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Монпелье турнирінің ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ бапкері шәкіртін теннис биігінен көргісі келетінін айтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).