Шәкіртімді теннис биігінен көргім келеді – бапкер
АСТАНА. KAZINFORM – Жуырда қазақстандық теннисші, 19 жастағы Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Түркиядағы турнирде қатарынан үш рет чемпион атанған еді. Осыған орай Kazinform тілшісі Сандуғаштың бапкері Артур Хайрутдиновпен сұхбаттасты.

- Артур Рустамович, Сандуғашты қай кезден бері жаттықтырып келесіз?
- Менің Сандуғашты баптап келе жатқаныма көп бола қойған жоқ. Team Kazakhstan академиясында өзім жаттықтырушылық қызметті 2023 жылдың жазынан бастадым. Ал Сандуғашпен өткен жылдың наурызынан бері біргеміз. Қазір Астанадамыз. Бәрі қалыпты, жаттығу ойдағыдай өтуде.
- Алда қандай жарыстар бар?
- Ересектер арасында Қазақстан чемпионатына қатыспақшымыз. Содан кейін Таиланд елінде өтетін бірнеше халықаралық турнирде бақ сынаймыз. Биылғы мақсатымыз – әлемдік рейтингіде барынша жоғары көтерілу, ITF WOMENS жарыстарында жекелей сында алғашқы титулды жеңіп алу.
Алдағы бес жылда менің шәкіртім Сандуғаш Кенжебаева WTA рейтингісінде ТОП-100-ге енсе екен деймін. Ол – өте талантты және еңбекқор ойыншы. Сандуғаш теннис биігінен көрініп жатса, бұл мен үшін үлкен қуаныш болмақ.
- Сіз небәрі 20 жастасыз. Ақтөбеде теннис әліппесін үйреніп, бірнеше жыл бұрын жасөспірімдер арасында ITF рейтингісінде 258-орынға көтерілдіңіз. Жалпы, спорттық жолыңыз неден басталып еді?
- Мен 2008 жылы 4,5 жасымда Ақтөбе қаласындағы «Нұрсат» мектепке дейінгі білім беру орталығында «10 жасқа дейінгі теннис» бағдарламасы бойынша Галина Кухтинаның басшылығымен тенниспен таныстым. Кейін мұны облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жалғастырдым. Борис Квак пен Нелли Квак алғашқы бапкерлерім болды. 2013 жылы Сергей Квактың тобына қосылдым. Содан кейін кәсіби теннисші ретіндегі жолым басталып, алғашқы додаларға қатысып, рейтингілік ұпай жинадым. Маған теннис ойнау әрқашан ұнайтын.
Корттағы жаттығулардан бөлек, теориялық сабақтар да аз болмайтын. Онда тактика құрып, кортта және одан тыс жерде өзіңді ұстау ережесін үйрендік. Сол кезде Ақтөбеде бәсекелестік жоғары болды. Бәріміз де озық шығу үшін тырысатынбыз.
- Ендеше, спорттық жолыңызды неге ерте аяқтадыңыз?
- Мен үш рет ота жасаттым. Соның әрқайсысынан кейін жыл жарым уақыт бойы қалпыма келу керек болды. Futures M15 санатындағы бірнеше жарыста үздік шықтым, ересектер арасында Қазақстан чемпионатында жұптық сында жеңімпаз атандым.
Бірақ тіземнің ауыратыны, әсіресе, жекелей сындағы матчтарда қозғалуға қиындық келтірді. Бұл өмірімдегі күрделі кезең еді, арманымнан бас тартуға тура келді. Ата-анам, бапкерлерім, Team Kazakhstan академиясы және Қазақстан теннис федерациясы басшылығымен сөйлескеннен кейін 2023 жылы спорттық мансабымды аяқтап, бапкерлік бағытқа бет бұрдым.
- Жас жаттықтырушы ретінде қандай мәселеге маңыз беру керек деп ойлайсыз?
- Қазіргі таңда жаттығу болсын, жарыс болсын, мен әр күнімнен қанағат аламын. Әсіресе, өзің баптайтын шәкіртің алға озса, табысқа жетсе, қуанышың еселене түседі. Білікті бапкер болу үшін үнемі үйреніп, даму өте маңызды. Біліктілікті арттыру курстарына барып, белгілі академияларда білімімді жетілдіргім келеді. Әлемдегі мықты бапкерлердің тәжірибесін алғым келеді. Ең бастысы, бір орында тұрып қалмай, алға жылжи беру керек деп есептеймін.
- Әңгімеңізге рахмет. Шәкіртіңізбен бірге табысқа жетуіңізге тілектеспіз.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сандуғаш Кенжебаеваның үш рет қатарынан Түркиядағы турнирде үздік атанғанын жазған болатынбыз.