АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина Линц (Аустрия) WTA 500 турнирінің финалынан тыс қалды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші Ирина Хромачевамен бірге жартылай финалда украиналықтар Надежда және Людмила Киченокқа тап келді.
Украиналық жұп бірінші партияда 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде тіпті бет қаратпады – 6:0.
Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Данилина – Хромачева 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тек екеуін пайдаланды. Украиналықтар 2 эйс, 6 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Аустриядағы турнирдің жартылай финалында ойнайтынын жазған едік.
Сондай-ақ теннистен Дэвис кубогында Қазақстан – Пәкістан матчының жеребесі тартылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).