АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина Линц (Аустрия) WTA 500 турнирінің ширек финалына өтті.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге бастапқы айналымда чехиялықтар Анастасия Детюк – Мириам Шкохпен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-ресейлік жұп 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Данилина – Хромачева 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың бесеуін құр жібермеді. Чехиялық дуэт 1 эйс, 3 брейктен аса алмады.
Анна Данилина – Ирина Хромачева жартылай финалға шығу үшін ресейліктер Анастасия Потапова – Яна Сизиковамен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 361-ракеткасы Зарина Дияс Пуна (Үндістан) ITF W75 додасының алғашқы айналымында рейтингіде 227-орындағы белоруссиялық Ирина Шимановичке жол берді – 6:3, 2:6, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жас теннисші Ахмади Мақанов туралы не білетінімізді жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).