АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Анна Данилина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінде жеңіліп қалды.
Қазақстандық теннисші украиналық Надежда Киченокпен бірге алғашқы айналымда жарыстың 5-ракеткалары, нидерландылық Деми Схюрс – бразилиялық Луиза Стефанимен жолығысты.
Біршама тартысты өткен матчта нидерландылық-бразилиялық жұп 6:4, 7:6 (10:8) есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында А.Данилина – Н.Киченок 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсылас дуэт 1 эйс, 3 брейкке қол жеткізді.
Қазақстанның жекелей сындағы бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина бүгін екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 57-орында тұрған қытайлық Чжу Линьмен бастапқы кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің әлемдік рейтингіде бірден 16 сатыға жоғарылағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).