Анна Данилина Франциядағы турнирдің ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Анна Данилина Сен-Мало (Франция) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Фото: olympic.kz

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина америкалық Эйжа Мухаммадпен бірге бастапқы кездесуінде тайбэйліктер Йе Цен Чо – Хсуань Чоға тап келді.

Матч 6:2, 6:3 есебімен қазақстандық-америкалық жұптың пайдасына шешілді.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде Данилина – Мухаммад 8 брейк-пойнттың тең жартысын өз есептеріне жазды.

Анна Данилина – Эйжа Мухаммад жартылай финалға шығу үшін ресейліктер Ирина Хромачева – Ксения Зайцевамен таласады.

А.Данилина – Э.Мухаммад осыған дейін Мадрид WTA 1000 турнирінде алғашқы айналымда-ақ ұтылып қалған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шымкент турнирінде Денис Евсеевтің 18 жастағы Әмір Омархановты жеңгенін жазған болатынбыз.