АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Анна Данилина Бад-Хомбург (Германия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші қытайлық Сюй Ифаньмен бірге бастапқы кездесуін ресейлік Ирина Хромачева — бразилиялық Ингрид Гамарра-Мартинспен өткізді.
Қазақстандық қытайлық жұп 6:4, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында олар 1 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Ресейлік-бразилиялық дуэт 4 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Анна Данилина — Сюй Ифаньның ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Бирмингем турнирінің финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).