Анна Данилина Қытайда жарыстың 1-ракеткасын ұтып, жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Анна Данилина Ухань (Қытай) WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты.
А.Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен бірге ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, канадалық Габриэла Дабровски – жаңазеландиялық Эрин Рутлифпен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-ресейлік жұп сенсация жасап, 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 18 минутқа созылған бәсеке барысында екеуі 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Дабровски – Рутлифф 3 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Анна Данилина – Ирина Хромачева финалға шығу үшін ресейлік Екатерина Александрова – чехиялық Катерина Синяковамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Шымкентте халықаралық турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.