АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Анна Данилина Ухань (Қытай) WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге финалда америкалықтар Джессика Пегула – Айша Мухаммадпен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда А.Данилина – И.Хромачева 6:3 есебімен басым түсті. Екіншісінде тай-брейкте таразы басын өздеріне аударды – 7:6 (8:6).
Бір сағат 37 минутқа созылған матч барысында чемпиондар 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Пегула – Мухаммад 4 брейк-пойнттан ештеңе шығара алмады. Осылайша, Анна Данилина мен Ирина Хромачева WTA додаларында үшінші рет жеңімпаз атанып отыр. Ал WTA 1 000 жарысында екеуі алғаш рет үздік шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Қытайдағы WTA 1000 турнирінің финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).