АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Анна Данилина жекелей сында Монтеррей (Мексика) WTA 500 турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.
Дүниежүзілік рейтингіде 951-орында тұрған А.Данилина алғашқы кездесуін әлемнің 634-ракеткасы, норвегиялық Ульрикке Эйкеримен өткізді.
Қазақстандық теннисші 6:3, 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған кездесуде Анна 13 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Эйкери 1 эйс, 1 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.
Анна Данилина іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 278-ракеткасы, Израиль өкілі Лина Глушкомен шеберлік таластырады. Оны ұтқан жағдайда негізгі жарысқа жолдама алады.
Монтеррей додасы 19-24 тамыз аралығында өтеді деп жоспарланған.
А.Данилинаның негізінен жұптық сынға маманданған теннисші екендігі мәлім.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Цинциннатида жұптық сында алғаш рет WTA 1000 жарысының финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).