Анна Данилина Токио турнирінің жартылай финалына шықты

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 13-ракеткасы Анна Данилина Токио (Жапония) WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Жарыстың 3-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина мен сербиялық Александра Крунич ширек финалда америкалық Николь Меличар – қытайлық Сюй Ифаньның мысын басты.
Екі сетте де 6:4 есебі тіркелді.

Бір сағат 16 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-сербиялық жұп 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді. Америкалық-қытайлық дуэт 1 эйс, 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.

Анна Данилина – Александра Крунич финалға шығу үшін жапониялық Сюко Аояма – испаниялық Кристина Букшамен шеберлік таластырады. 

Осылайша, Токио додасының жартылай финалында қос бірдей қазақстандық теннисші ойнайды. 

Елена Рыбакина жекелей, Анна Данилина жұптық сында өнер көрсетеді.

Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Александр Бублик бүгін Вена (Аустрия) ATP 500 турнирінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастап келе жатқан италиялық Янник Синнермен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бубликтің Вена турнирінің ширек финалында әлемнің 1-ракеткасымен кездесуі мүмкін екендігін жазған едік. 

Сондай-ақ Елена Рыбакина жылдың қорытынды турниріне жолдама алды.