«Аңсаған сәби»: Атырау облысында 54 ана сәби күтіп жүр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Биыл Атырау облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасымен экстракорпоральды ұрықтандыруға 231 квота бөлінген. Қазір 54 ана сәби күтіп жүр.
Атырау облысының бас репродуктологі Гүлнәр Есқайырованың мәліметінше, осы кезге дейін квотаның 218-і орындалған.
«Елімізде 5 жылға арналған «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Биыл – аталған бағдарламаның төртінші жылы. Соңғы екі жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, биыл экстракорпоральды ұрықтандыруға берілетін квота саны екі есе артты. Атырау облысында осы бағдарламаның аясында былтыр 51 сәби өмірге келді. Оның ішінде 6 егіз бар. Қазір 54 ана өмірге сәби әкелуді күтіп жүр, -деп хабарлады Гүлнәр Есқайырова.
Оның айтуынша, квота алуға ниетті жұп өзі тіркелген емханаға өтініш білдіруі қажет. Кейін бедеулік бойынша диспансерлік бақылауға алынады. Толық медициналық зерттеу жүргізіліп, облыстық перинаталды орталығының гинеколог-репродуктологтерге жолдама береді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында үшем дүниеге келгенін хабарлаған болатынбыз.