Аңсар Ниетқалиев Астанада өткен турнирдің абсолютті чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында «Дәулет» теннис орталығында 16 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe аясында өткен жарыс мәресіне жетті.
Фото: ҚТФ
Қазақстандық жас теннисшілер бақ сынаған турнирде 15 жастағы Аңсар Ниетқалиев абсолютті жеңімпаз атанды. Ол жекелей сында финалда Жантөре Санжарұлын 6:3, 6:3 есебімен ұтты.
Сондай-ақ жұптық сында Даниэль Юреклимен бірге ешкімді шақ келтірмеді.
Фото: ҚТФ
Қыздар арасында Сара Хамитова соңғы бәсекеде Тамина Сәкеннен айласын асырды – 6:0, 6:0. Жұптық сында Ясмина Дүйсембаева – Гүлден Азаматқызы үздік шықты.
Тағы бір қазақстандық Мәлика Әмірғалиева жасөспірімдер арасында Испанияның Манакоре қаласында Рафаэль Надаль теннис академиясында өткен ITF J100 турнирінде финалға дейін жетті.
Мәлика жұптық сында қытайлық Мин Ху Жоумен бірге финалда үш сағатқа созылған матчта испаниялық Марина Гатель – оңтүстіккореялық Ха Юн Сонға есе жіберді – 2:6, 7:6 (7:5), 4:10.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Анна Данилинаның әлемдік рейтингіде 19-орынға көтерілгенін жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина жаңа бапкері жөнінде жария етті.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).