Тектоникалық плиталар шекарасынан алыс орналасқан өңір үшін мұндай сейсмикалық белсенділік өте сирек әрі қалыптан тыс құбылыс саналады.
Зерттеу нәтижелері Science журналында жарияланды.
Талдау 49 сейсмикалық станциядан жиналған деректерге негізделді. Трансферлік оқыту әдісін пайдаланатын жасанды интеллект алгоритмі бастапқы (P) және екінші реттік (S) толқындарды ажырата алды, бұл жер сілкіністерінің ошақтарын дәл анықтауға мүмкіндік берді. Тіркелген жер сілкіністерінің магнитудасы 1,6 мен 3,5 аралығында болған.
— Плиталардың ішінде болатын орташа тереңдіктегі жер сілкіністерін түсіндіру өте қиын. Өйткені жоғарғы мантиядағы жоғары температура мен қысым жағдайында тау жыныстарының морт сынуы сирек кездеседі, — дейді зерттеу авторлары.
Ғалымдардың пікірінше, мұның ықтимал себебі өңірдің геологиялық құрылымының ерекшеліктерімен байланысты. Шығыс Антарктиданың суық әрі қалың плитасы мен Батыс Антарктиданың жұқалау және жылырақ плитасының шекарасы жоғары кернеу аймақтарын қалыптастыруы мүмкін. Сонымен қатар жоғарыдан мұз жамылғысының қысымы мен төменнен келетін ыстық мантиялық ағындардың әсері үлкен тереңдіктегі жарылымдардың пайда болуына ықпал етуі ықтимал.
Дегенмен барлық тіркелген сейсмикалық оқиғалардың неге дәл Давид мұздығының астында шоғырланғаны әзірге белгісіз. Өйткені ұқсас геологиялық жағдайлар Трансантарктикалық таулардың басқа бөліктерінде де кездеседі. Ғалымдар бұл жерде қосымша жергілікті факторлар әсер етуі мүмкін деп болжайды.
Айта кетейік, Түркия Антарктидада ғылыми база салу дайындығын аяқтады.