Антарктидадағы теңіз мұзының ауданы бұрын-соңды болмаған ең төменгі деңгейге дейін қысқарды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы қазанда Антарктида айналасындағы теңіз мұзының ауданы спутниктік бақылау тарихындағы осы кезеңге тән ең төменгі көрсеткішке жетті, деп хабарлайды Синьхуа .

Фото: Wikipedia

Аустралияның Антарктика басқармасының (AAD) мәліметінше, 11 қыркүйекте теңіз мұзының ауданы жылдық қысқы ең жоғары көрсеткішке – 17,72 млн шаршы шақырымға жеткен. Бұл 1979 жылы спутниктік бақылау басталғалы бергі ең төменгі үш көрсеткіштің бірі.

Одан кейінгі төрт апта ішінде мұз жамылғысының ауданы шамамен 1,3 млн шаршы шақырымға қысқарған.

Қазан айының ортасына қарай теңіз мұзының ауданы көпжылдық орташа көрсеткіштен 2,3 млн шаршы шақырымға немесе 12 пайызға төмендеп, осы кезең үшін тарихи минимумға жетті.

Ғалымдардың айтуынша, Антарктидадағы теңіз мұзы ауданының күрт қысқару үрдісі 2015 жылдан бері байқалып келеді. Сонымен қатар спутниктік бақылау тарихындағы қысқы мұз жамылғысының ең төменгі төрт көрсеткіші соңғы төрт жылда тіркелген.

Мұз жамылғысының азаюы Антарктида теңіз экожүйелеріне, соның ішінде император пингвиндері мен антарктикалық крильдерге қауіп төндіреді. 2023 жылы қолайсыз мұз жағдайлары салдарынан император пингвиндерінің мыңдаған балапаны қырылған.

Ғалымдар теңіз мұзы ауданының қысқаруын мұхиттың жоғарғы қабаттарында жылудың жиналуымен, жел бағыты мен сипатының өзгеруімен және атмосфера температурасының жоғарылауымен байланыстырады. Дегенмен, бұл үдерістің нақты себептері мен салдары әлі де толық зерттелмеген.

2028 жылы Австралияның Антарктикалық бағдарламасы аясында Шығыс Антарктида жағалауына ғылыми экспедиция ұйымдастыру жоспарланып отыр. Зерттеушілер дауылдардың, мұхиттағы жылудың және атмосфералық үдерістердің теңіз мұзына, экожүйелерге және Оңтүстік мұхиттың көмірқышқыл газын сіңіру қабілетіне әсерін зерттемек.

Айта кетейік, бұған дейін жапон ғалымдары Антарктида мұздарын бұрғылау арқылы Жер климатының құпиясын ашатынын жазғанбыз.