Жапон ғалымдары Антарктида мұздарын бұрғылау арқылы Жер климатының құпиясын ашпақ
АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның 68-ші Антарктикалық зерттеу экспедициясы Токиодағы Ханэда әуежайынан Аустралияға аттанды. Онда зерттеушілер ғылыми кемеге мініп, шамамен үш апта жүзіп, Антарктидадағы базаға жетуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kyodo News.
Экспедиция мүшелерін әуежайда туыстары мен әріптестері шығарып салды. Топ желтоқсан айының соңында Жапонияның Антарктидадағы «Сёва» станциясына жетуі тиіс.
– Миссиямды аман-есен орындағым келеді, – деді Ұлттық полярлық зерттеулер институтының доценті, экспедиция жетекшісі Юити Аояма қоштасу рәсімінде.
Оның айтуынша олар бұл экспедицияға тыңғылықты дайындалған.
– Егер әркім өз міндетін әдеттегі деңгейде атқарса, тапсырмаларды 100 пайыз орындай аламыз, – деді 56 жастағы зерттеуші журналистерге.
68-ші экспедицияның құрамына жазғы зерттеу тобының 44 мүшесі және қыстау кезеңінде станцияда қалатын 29 маман кіреді. Сондай-ақ Антарктидадан сабақ тарататын орта мектеп пен жоғары сынып мұғалімдерін, Kyodo News агенттігінің журналистін қоса алғанда, тағы 13 адам экспедицияға қосылады.
Миссияның кейбір мүшелері станцияға қазан айында аттанған.
Антарктидада зерттеушілер миллион жылдан астам уақыт бұрын қалыптасқан мұз қабаттарын бұрғылап, палеоклиматология саласы бойынша зерттеу жүргізеді. Бұл ғылым Жер климатының өткен кезеңдердегі тарихын зерделейді. Ғалымдар мұз қабаттарынан алынған деректер арқылы планетаның климаттық өзгерістерін зерттеуді көздеп отыр.
Экспедиция мүшелері Шығыс Антарктида мұз жамылғысының бір бөлігі саналатын Тоттен мұздығын да бақылайды. Климаттың өзгеруіне байланысты оның еру салдарына алаңдаушылық артып отыр. Институт мәліметінше, бұл мұздық жаһандық теңіз деңгейінің көтерілуіне елеулі үлес қосып келеді.
Басқа зерттеу бағыттарының қатарында радиоактивті жыныстардың жылуынан мұз жамылғысының еру салдарын және саңырауқұлақ спораларының Антарктидаға қаншалықты жиі ұшып жетіп, қоныстанатынын анықтау жұмыстары бар.
Жапония Антарктидаға алғашқы экспедициясын 1956 жылғы қарашада бастаған. Сол кезде зерттеу тобы Токиодағы Харуми портынан «Соя» ғылыми кемесімен жолға шыққан. Келер жылдың қаңтарында экспедиция Жапонияның Антарктидадағы «Сёва» станциясының құрылғанына 70 жыл толуын атап өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Пингвиндердің саңғырығы Антарктидадағы қардың еруін жеделдетуі мүмкін екенін жаздық.
Ал былтыр қараша айында Қытай Антарктидаға бағытталған 42-ші экспедициясын бастаған-ды.