Пингвиндердің саңғырығы Антарктидадағы қардың еруін жеделдетуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Пингвиндердің саңғырығы Антарктидадағы қар алқаптарында балдырлардың өсуіне ықпал етіп, қардың түсін күңгірттендіруі мүмкін. Соның салдарынан қар күн сәулесін көбірек сіңіріп, жылдам ериді. Мұндай қорытынды жаңа ғылыми зерттеуде жасалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Пингвиндердің саңғырығы Антарктидадағы қардың еруін жеделдетуі мүмкін
Фото: Pexels

Зерттеушілер 2024–2025 жылдардағы жазғы маусымда Батыс Антарктика түбегінің жағалауындағы тоғыз аумақтан алынған 111 қар үлгісін талдаған. Олар үлгілерді үш түрге бөлген: жасыл балдырлардан түсі өзгерген жасыл қар, қызыл балдырлар әсерінен қызарған қар және балдырлардың көзге көрінетін белгілері жоқ таза қар.

Зерттеу нәтижесінде жасыл қардағы фосфаттың медианалық концентрациясы литріне 114 микромоль болғаны анықталды. Бұл қызыл қардағы көрсеткіштен шамамен 10 есе, ал таза қардағы мөлшерден 70 есе жоғары.

Пингвиндер мен басқа да теңіз құстары өздерінің саңғырығы арқылы жағалаудағы қарға қоректік заттар жеткізеді. Гуано деп аталатын бұл қалдықтардың әсері күшті аумақтарда фосфат мөлшері мен балдырлардың таралуы да жоғары болған.

Балдырлар қардың бетін күңгірттендіріп, күн сәулесін көбірек сіңіруіне ықпал етеді. Нәтижесінде қардың еруі жылдамдауы мүмкін.

Дегенмен зерттеу барысында қардың еру жылдамдығы тікелей өлшенбеген. Сондай-ақ балдырлардың шамадан тыс көбеюіне тек пингвиндердің саңғырығы себеп болғаны дәлелденбеген. Ғалымдар қоректік заттардың жиналуы мен балдырлардың өсуі арасындағы байланысты уақыт өте келе тереңірек зерттеу қажет екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Антарктидадағы пингвиндер жылына 7 млн тоннаға дейін метан бөлуі мүмкін екенін жаздық.

Сондай-ақ Аустралияда кішкентай пингвиндердің 40 пайызына жуығы қырылуы мүмкін екені де хабарланды.