Антибиотикті орынсыз қолдану: қарапайым инфекцияларды емдеу қиындай ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жүргізілген зерттеуге қатысқан тұрғындардың 40 пайызы антибиотикті рецептсіз қолданған. Ғалымдар дәріні орынсыз қабылдау бактериялардың төзімділігін арттырып, қарапайым инфекцияларды емдеуді қиындатуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл қаншалықты қауіпті және Қазақстанда антибиотиктер қалай қолданылады? Осы мәселелер Nazarbayev University-де өткен NU Science Café ғылыми кездесуінде талқыланды.

Фото: Kazinform\ЖИ

Кездесуде университеттің Медицина мектебінің профессоры Юлия Семенова, докторанттар Дариға Жазықбаева мен Жанар Көшерова және резидент Жадыра Мұстафа зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, елімізде қолға алынған жаңа ғылыми жобалар туралы айтты.

Фото: NU University

Бұрын көмектескен антибиотиктер неге әсер етпей қалады?

Антибиотиктердің ашылуы медицинаға үлкен өзгеріс әкелді. Бұрын адам өміріне қауіп төндірген көптеген бактериялық инфекцияларды емдеуге мүмкіндік туды. Бұл дәрілер күрделі операциялар жасау, ағза ауыстыру және қатерлі ісікті емдеу кезінде де маңызды рөл атқарады.

Алайда қазір дәрігерлер жаңа қиындыққа тап болып отыр. Кейбір бактерияларға бұрын көмектескен антибиотиктер әсер етпей қалады. Nazarbayev University Медицина мектебінің профессоры Юлия Семенова мұндай жағдайды өз тәжірибесінде байқаған. Ол медицина саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келеді.

Фото: NU University

— Бұрын жылдар бойы тағайындап келген дәрілеріміздің әсер етпей қалғанын байқай бастадық. Алғашында мәселе дәрінің сапасында немесе оны өндірушілерде деп ойладық. Құрамындағы әсер етуші заты бірдей басқа препаратқа ауыстырдық. Бірақ уақыт өте оның да көмегі болмай қалды, — дейді профессор.

Кейін ғалым бұл құбылыстың себебін зерттеп, бактериялардың антибиотиктерге төзімді бола бастағанын түсінген.

Мұны қарапайым тілмен түсіндірсек, антибиотик бактерияларды жояды немесе олардың көбеюін тежейді. Алайда кейбір бактериялар дәрінің әсерінен аман қалып, көбейе береді. Уақыт өте мұндай бактериялар таралып, олар тудырған инфекцияны емдеу қиындайды.
Яғни антибиотикке адамның ағзасы емес, ауру тудыратын бактериялар төзімді болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) микробтардың дәріге төзімділігін адам денсаулығына төнген ең үлкен он қауіптің қатарына жатқызады.

2024 жылы The Lancet ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, 2050 жылға қарай дәріге төзімді инфекциялар жыл сайын шамамен 1,9 миллион адамның өліміне тікелей себеп болуы мүмкін. Ал осындай инфекциялармен байланысты өлім-жітім саны 8,2 миллионға жетуі ықтимал.

Бұл — болашаққа жасалған болжам. Дегенмен ғалымдар антибиотиктердің тиімділігін қазірден бастап сақтаудың маңызды екенін айтады.

Қазақстанда антибиотиктер қалай қолданылады?

Ғалымдардың мәліметінше, Қазақстанда антибиотик тұтыну COVID-19 пандемиясына дейін азайғанымен, кейін қайта өскен. Ең жоғары өсім пандемия кезінде байқалған.

2024 жылы елімізде антибиотик тұтыну көрсеткіші тәулігіне әр мың адамға шаққанда 19 стандартты тәуліктік дозаны құраған. Еуропалық одақта 2023 жылы бұл көрсеткіш шамамен 20 болған.

Бұл — дәрі тұтыну көлемін салыстыруға арналған арнайы өлшем. Ол әр мың адамның нақты қанша таблетка қабылдағанын білдірмейді. Алайда зерттеушілер үшін антибиотиктің қаншалықты көп қолданылатынынан бөлек, қандай түрлері таңдалатыны да маңызды.

ДДҰ антибиотиктерді Access, Watch және Reserve деп аталатын үш топқа бөледі.
Access тобына кең таралған бактериялық инфекцияларды емдеуде бірінші кезекте қолдануға ұсынылатын дәрілер кіреді. Олардың бактериялардың төзімділігін күшейту қаупі салыстырмалы түрде төмен.

Ал Watch тобындағы антибиотиктерді мұқият бақылаумен қолдану қажет. Reserve тобына басқа антибиотиктер әсер етпейтін кейбір ауыр инфекцияларды емдеуге арналған препараттар жатады.

Ғалымдардың дерегінше, Қазақстанда Access тобына жататын антибиотиктердің үлесі 2017 жылғы 54,6 пайыздан 2024 жылы 37,9 пайызға дейін төмендеген.

Тағы бір маңызды көрсеткіш бар. Қазақстанда кең таралған инфекцияларды емдеуге арналған ұлттық нұсқаулықтарда ұсынылған антибиотиктердің 55 пайызы Watch тобына жатады. Ал ДДҰ нұсқаулықтарында бұл үлес 23 пайызды құрайды.

Зерттеушілердің айтуынша, кейде белгілі бір бактерияға әсер ететін антибиотик жеткілікті болса да, бактериялардың көптеген түріне әсер ететін препараттар тағайындалады.
Мұндай дәрілер қажет кезде тиімді. Алайда оларды орынсыз қолдану бактериялардың төзімділігін күшейтуі мүмкін.

Сондықтан ғалымдар антибиотиктің күштісін емес, нақты инфекцияға әсер ететінін таңдау маңызды екенін атап өтеді.

Әр он адамның төртеуі антибиотикті рецептсіз қолданған

Дәріні өз бетінше қабылдау да ғалымдарды алаңдатып отыр. Қазақстанда жүргізілген зерттеуге қатысқан тұрғындардың 40 пайызы антибиотикті рецептсіз пайдаланғанын айтқан.

Орталық Азия елдерін қамтыған басқа зерттеулерде де осыған ұқсас жағдай анықталған. Қатысушылардың 26–40 пайызы антибиотикті өз бетінше немесе рецептсіз қабылдаған. Ал 60–92 пайызы бұл дәрілер суық тиюді емдейді деп ойлаған.

Алайда суық тию мен тұмаудың көпшілігіне вирустар себеп болады. Антибиотиктер вирустарға әсер етпейді. Мысалы, адамның тамағы ауырып, мұрнынан су ақса немесе дене қызуы көтерілсе, бұл бірден антибиотик қабылдау қажет деген сөз емес. Алдымен аурудың себебін анықтау керек.

Ғалымдар дәрілердің сатылуына да назар аударған. Олардың айтуынша, кейбір антибиотиктерге интернет-дүкендер мен мобильді қосымшалар арқылы рецептсіз тапсырыс беруге болады.

Зерттеушілер мұндай дәрілердің сатылуын қатаң бақылау қажет деп есептейді. Өйткені антибиотиктерді орынсыз қолдану дәріге төзімді бактериялардың таралуына ықпал етеді.
Мұның салдары жеңіл инфекциялармен шектелмейді. Егер бактериялар дәріге төзімді болса, күрделі операциядан кейін пайда болған инфекцияларды емдеу де қиындайды.
Бұл әсіресе ағза ауыстырған, химиотерапия қабылдаған немесе буынын алмастырған науқастар үшін қауіпті. Мұндай жағдайда инфекциялар ауыр асқынуларға, соның ішінде сепсиске әкелуі мүмкін.

Дәрігерлер антибиотикті науқастың сұрауымен тағайындай ма?

Антибиотиктерді дұрыс қолдану дәрігердің ем таңдауына да байланысты.
2026 жылғы наурызда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы жалпы практика дәрігерлері арасында зерттеу жүргізілген.

Сауалнамаға қатысқандардың 70 пайыздан астамы антибиотиктерді тағайындау тәжірибесі бактериялардың дәріге төзімділігіне әсер ететінін түсінетінін айтқан.
Алайда олардың 27 пайызы антибиотикті кейінге қалдырып тағайындау тәсілімен таныс болмаған.

Фото: NU University

Бұл қандай тәсіл?

Кей жағдайда дәрігер науқастың жағдайын бағалап, антибиотикті бірден бастамауға шешім қабылдауы мүмкін. Мұндайда дәріні қандай жағдайда қабылдау керектігін алдын ала түсіндіреді. Бірақ бұл тәсіл барлық инфекцияға жарамайды.

Зерттеу барысында тағы бір мәселе анықталған. Дәрігерлер антибиотиктердің қажетсіз тағайындалуына кейде науқастардың өздері дәрі сұрауы да әсер ететінін жиі атап өткен.
Сондықтан мамандар антибиотик тағайындау туралы шешімді науқастың қалауына емес, медициналық қажеттілікке сүйеніп қабылдау керегін айтады.

Қазақстанда антибиотиктерге төзімділік картасы жасалып жатыр

Қазақстанда бактериялардың қандай дәрілерге төзімді екенін және антибиотиктердің қаншалықты жиі қолданылатынын анықтау үшін жаңа ғылыми жобалар қолға алынған.
2025–2027 жылдарға арналған зерттеулер аясында Nazarbayev University Медицина мектебінің ғалымдары екі карта әзірлеп жатыр.

Біріншісі — Қазақстанның антибиотиктерге төзімділік картасы. Ол еліміздің әр өңірінде кездесетін бактериялардың қандай дәрілерге төзімді екенін көрсетуге арналған.
Зерттеу несеп шығару және тыныс алу жолдарының, қан, тері мен жұмсақ тіндердің инфекцияларын қамтиды.

Екіншісі — антибиотиктерді тұтыну картасы. Ғалымдар ауруханалар мен емханаларда қандай препараттардың жиі қолданылатынын, өңірлер арасындағы айырмашылықтарды зерттейді.

Бұл деректер дәрігерлерге ем таңдауға, ал денсаулық сақтау саласының мамандарына антибиотиктерді қолдану тәртібін жетілдіруге көмектесуі мүмкін.
Зерттеулердің алғашқы нәтижелері халықаралық ғылыми басылымдарда, соның ішінде Scientific Reports журналында жарияланған.

Дәріге төзімді бактериялар қайдан таралады?

Ғалымдардың айтуынша, дәріге төзімді бактериялар тек ауруханаларда кездеспейді. Олар адамдар, жануарлар, азық-түлік, су және қоршаған орта арқылы таралуы мүмкін.
Мысалы, мал шаруашылығында антибиотиктерді орынсыз қолдану немесе су көздерінің дәрі қалдықтарымен ластануы мұндай бактериялардың таралуына ықпал етеді.
Сондықтан бұл мәселемен дәрігерлер ғана емес, ветеринарлар, экологтер және басқа сала мамандары да айналысуы қажет.

Ғалымдар мұны One Health, яғни «Біртұтас денсаулық» тәсілі деп атайды. Оның негізгі мәні — адам, жануарлар және қоршаған орта денсаулығының өзара тығыз байланысты болуы.
Мамандар антибиотиктерден мүлде бас тартуға болмайтынын да ескертеді. Өйткені бұл дәрілер көптеген бактериялық инфекцияны емдеу үшін қажет.

Ең бастысы — антибиотикті қажет болған жағдайда ғана, дәрігердің тағайындауымен қабылдау.

Жыл сайын 18–24 қараша аралығында микробтардың дәріге төзімділігі туралы дүниежүзілік ақпараттандыру апталығы өтеді. Биыл 19–20 қарашада Астанада осы мәселеге арналған халықаралық конференция ұйымдастырылады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда кейбір бактериялардың антибиотиктерге төзімділігі соңғы үш жылда 20 пайызға артқанын жазған едік.