Сейілда Байшақов 1950 жылы 28 тамызда сол кездегі Жамбыл қаласында дүниеге келген.
Жастайынан футболға құмар болып өскен ол жергілікті бапкерлерден тәлім алды. Алғашқы жаттықтырушысы Евгений Петрович Ротт болатын.
Футболшылық жолында орталық қорғаушы позициясында ойнады. 1966-1967 жылдарда Жамбылдың «Қайрат», 1968-1970 жылдарда «Энергетик» клубтарында доп тепті.
1969 жылы Сейілда Байшақов Қазақ КСР ұлттық құрамасына шақырту алды. Сол кезеңдегі құраманың бас бапкері Борис Каретников еліміздің әр аймағынан ең жақсы футболшыларды жинады.
Сейілда Байшақов өмірін футболға арнады. 1971-1981 жылдар аралығында алматылық «Қайраттың» намысын қорғады.
1971 жылы команда құрамында теміржолшылардың халықаралық спорт одағының кубогын жеңіп алды.
«Қайраттағы» алғашқы ойынын 1971 жылдың 27 наурызында Ворошиловград қаласында жергілікті «Заря» командасына қарсы өткізді.
Жаттықтырушылар штабы 20 жастағы қорғаушыға сенім артты. Кездесуде есеп ашылмады. Жас қорғаушы үшін жақсы бұл үлкен тәжірибе мектебі болды.
Келесі турда алматылық ұжым Ленинградтың «Зенит» командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Жас футболшы команданың тұрақты ойыншысына айналып, одақ баспасөзінің назарын өзіне аудартты.
1977 жылы КСРО ұлттық құрамасына шақырту алды. 1978 жылғы FIFA Әлем кубогының құрама сапында екі кездесуде алаңға шықты.
Тұңғыш ойынын 30 сәуірде Венгрияға қарсы өткізді.
«Бірінші таймның аяғына дейін дерлік біз венгрлердің тықсыруына төтеп бере алдық. Бірақ үзіліске шығар кезде алаң иелері есеп ашты. Олардың кезекті шабуылының бірінде алыстан тепкен допқа қарсы атылған Владимир Астаповский сәл-пәл жаңылысып, қағып жібере алмай қалды. Допқа саусағының ұшы ғана тиді. Ал Тибор Нилаши тура сол жерден табылды. Екінші таймда венгрлер тағы да бір соғып кетті. Біз қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырыстық, бірақ солардың біреуінде ғана өз дегенімізге жеттік», - деген еді ардагер футболшы ойын жайында.
Одан кейін Сейілда Байшақов Грекия құрамасымен ойында жасыл алаңға шықты.
Екі кездесуде де ол 90 минутты толық ойнады. 1972 жылы оған «КСРО спорт шебері» атағы берілді.
1982-1988 жылдары алматылық «Қайратта» бапкер қызметін атқарса, одан кейін СКИФ, РВШСМ клубтарында жемісті еңбек етті.
2007 жылдан бері Қазақстан футбол федерациясы вице-президенті болса, одан кейін федерация басшылығы тізгінін ұстады.
Кейінгі жылдарда ҚР ардагерлер футболы одағының президенті, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі болды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 72 жасында дүниеден өткен спорт ардагері Сейілда Байшақовтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.