— «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялауға арналған жаңа өнім кепілдік беру тетігін әзірледі. Бұл құрал реновациялау жобаларына жеке инвестицияларды тартуға бағытталған және үлестік құрылыс туралы заңнамада белгіленген тәртіпке ұқсас тұрғын үй меншік иелерінің құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз етеді. Реновациялау барысында тұрғындар өз пәтерлерін «бөлмеге — бөлме» қағидаты бойынша жаңа тұрғын үйге айырбастай алады, ал құрылыс салушылар «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдігін пайдалану мүмкіндігіне ие болады, — деді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, кепілдік беру тетігі тараптардың міндеттерін нақты айқындайды. Атап айтқанда, әкімдік реновациялау аумағын белгілейді, жобаға енгізілетін нысандардың тізімін жариялайды және қажет болған жағдайда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартады.
Ал құрылыс салушы «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» мен реновациялау туралы келісім жасасады, тұрғындармен келіссөздер жүргізеді, олардың мүлкін «бөлмеге — бөлме» қағидаты бойынша құрылыс салушыға беру жөніндегі келісімдерін жинайды. Бұдан кейін реновация аясында кепілдік беру туралы шарт жасасу үшін осы компанияға жүгінеді және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзып, жаңа көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүзеге асырады.
Өз кезегінде «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» барлық тұрғынның келісімі алынғаннан кейін реновация аясындағы кепілдік беру туралы шартқа қосылып, құрылыс салушыға кепілдік береді.
Ал тұрғын үй меншік иелері уәкілетті компаниямен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасасады. Реновация аясындағы кепілдік беру туралы шартта жобаны кезең-кезеңімен іске асыру көзделген. Атап айтқанда, құрылысқа қажетті құжаттарды дайындаудан бастап нысанды пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезең қамтылады. Сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде сақталуы тиіс техникалық-экономикалық көрсеткіштер мен басқа да міндетті талаптар белгіленеді.
Спикердің айтуынша, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясының» кепілдігі арқасында апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер тұрғындарының құқықтары құрылыс аяқталғанға дейін толық қорғалады.
Бұл тетік азаматтар мен инвесторлардың реновация бағдарламаларына деген сенімін арттырады. Үлескерлер салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу үшін екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиесін пайдалана алады. Ал құрылыс салушылар бос тұрғын алаңдары бойынша үлескерлердің қаражатын тарту мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар жаңа тетік жеке инвестицияларды ынталандырып, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтады. Республикалық деңгейде реновацияның құқықтық негізі қалыптасып, тұрғын үй қоры заманауи стандарттарға сәйкес жаңартылып, азаматтардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалады.
Бұдан бөлек, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалатын бюджет шығыстары оңтайландырылады. Себебі реновацияланатын нысандар, әдетте, қалалардың тартымды аудандарында орналасқан және қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, Қазақстанда апатты тұрғын үйлерді реновациялаудың жаңа тетігі іске қосылды.