Апатты жағдайда қонған тікұшақтың экипажымен сөйлестік – Иранның ішкі істер министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Иран ішкі істер министрлігінің басшысы Әзербайжанмен шекаралас Верзеган қаласына жақын жерде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы IRNA агенттігі жазды. 

Фото: ИРНА

«Ауа райының қолайсыздығы мен тұманға байланысты президент мінген тікұшақ апатты жағдайда қонуға мәжбүр болды», - деді Иранның ішкі істер министрі Ахмад Вахиди IRIB мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, Әзербайжанның Араз өзеніндегі «Худаферин» және «Гиз Галасы» ГЭС-ін пайдалануға беру рәсіміне қатысқан президент пен онымен бірге келген делегация бірнеше тікұшақпен қайтып келе жатқанда, тікұшақтардың бірі апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. 

«Бірнеше құтқару тобы аталған аймаққа бет алды. Тұман мен ауа райының қолайсыздығына байланысты оқиға орнына жету үшін біраз уақыт кетуі мүмкін. Жағдай толық бақылауда. Біз экипажға хабарластық. Құтқару топтары оқиға орнына ертерек жетіп, бізге қосымша ақпарат береді деп үміттенеміз», - деді Ахмад Вахиди. 

Еске салсақ, бұған дейін Иран президенті мінген тікұшақ апатты жағдайда қонғанын жазған болатынбыз.