Қауіпсіз баспана қалай қамтамасыз етілмек
«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Әмірбек Оспанбеков сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке арнады. Ол тозығы жеткен тұрғын үйлерді жөндеу түйткіліне тоқталды.
Депутаттың дерегінше, республикада 61 367 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 1 037 пәтер апатты жағдайда болса, ал 3 347-сінің тозығы жеткен. Демек, шамамен 27 мыңға жуық үй иесінің баспанасы апаттық жағдайда немесе әбден ескірген.
Олқылықтың орнын толтыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып та жатыр. Мәселен, соңғы 3 жылда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде өңірлерде апаттық жағдайдағы және тозығы жеткен 352 тұрғын үй бұзылып, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынды. Бұл көрсеткіш республикадағы жалпы тұрғын үй қорының тек 0,3%-ын ғана қамтиды.
— 2025 жылы апаттық жағдайдағы және тозығы жеткен тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында, мәслихаттар мен әкімдіктердің аталған тұрғын үйлерді реновациялаудың өңірлік бағдарламаларын қабылдау жөніндегі құзыреттері заңнамалық тұрғыдан күшейтілді. «Әділет» партиясының бағдарламасында реновациялау механизмін күшейтіп, 30 мыңға жуық меншік иесін апатты және тозығы жеткен үйлерден қауіпсіз баспанаға көшіру көзделген, — деді Әмірбек Оспанбеков.
Алайда уәкілетті орган ұсынған ақпаратқа жүргізілген талдау көрсеткендей, реновациялауды іске асыру барысында бірқатар кемшіліктер бар екені анықталды. Бағдарлама барлық өңірде іске қосылғанымен, оның орындалу барысы мардымсыз.
Депутат 2026-2029 жылдарға арналған реновация жоспарлары бойынша өңірлердегі жағдайға қатысты нақты мысалдар келтірді. Оның сөзінше, Батыс Қазақстан облысында 334 апатты және тозығы жеткен үйлердің ішінде тек 3 үйдің меншік иелерін жаңа тұрғын үйге көшіру жоспарланып отыр. Бұл қауіпсіз тұрғын үйге деген қажеттіліктің небәрі 1%-ы. Ал Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының жоспарлары бойынша осындай тұрғын үйлер тек 2-19%-ға дейін ғана жаңартылады.
Басқа өңірлерде бұл көрсеткіш — 20-75%, яғни аймақтардың басым бөлігінде ахуал күрделі. Тек үш өңірдің әкімдіктері (Астана қаласы, Жамбыл және Павлодар облыстары) аталған мәселені 2029 жылға қарай шешуге дайын. Бұл мақсатта жергілікті бюджет қаражаты жұмсалады және жеке инвесторлар тартылады.
Сонымен қатар, 2029 жылға қарай әкімдіктер апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің орнына 895 көппәтерлі тұрғын үй немесе 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бұл — көшуі керек меншік иелерінің жалпы санының 42%-ы (мұндай тізімде барлығы 26 972 меншік иесі тіркелген). Бірақ 15 653 меншік иесі апатты және тозығы жеткен үйлерде қалып кету қаупі бар.
— Тәжірибе көрсеткендей, апатты жағдайдағы және тозығы жеткен баспаналарда өрт қаупі өте жоғары. Мұндай нысандардағы тілсіз жау жиі қайғылы жағдайларға, адамдардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндіретіні анық. Бұған мейлінше жол бермеу керек, — деді Әмірбек Оспанбеков.
Сөзінің түйінінде ол аталған мәселені шешу жолдарын ұсынды:
· Республика бойынша реновациялау жобаларының тиімді орындалуын бақылау мақсатында Үкімет жанынан Құрылтай депутаттары және өңірлер әкімдерінің тікелей қатысуымен арнайы Комиссия құруды қарастыру;
· ҚР Үкіметі нақты орындау мерзімдерін көрсете отырып, республиканың барлық өңірлері бойынша апатты және тозығы жеткен тұрғын үйдің әрбір меншік иесін көшіру бойынша Бірыңғай жол картасын құру мәселесін шешу;
· Реновациялау бағдарламаларының тиімділігін бағалау көрсеткішін барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс сапасын бағалау рейтингіне енгізу.
Көпірлерді жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр
Ал Тұрарбек Тілемісов ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдап, тозығы жеткен көпірлер мәселесін көтерді.
— 2026 жылғы 19 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдардың сапасын елдің «Ахиллес өкшесі» деп атап, осы саладағы тәртіпті ретке келтіруді талап етті. «Әділет» фракциясы бұл баға жергілікті маңызы бар жолдардағы көпірлерге де толықтай қатысты деп санайды, — деді ол.
Депутат 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша статистиканы мәлімдеді. Оның сөзінше, республикада 3 623 көпір құрылысы есепке алынған. Соның 1 488-і республикалық маңызы бар жолдарда, ал 2 135-і жергілікті маңызы бар жолдарда. 142 көпір апатты жағдайда, оның 141-і жергілікті жол желісіне тиесілі. Бұдан бөлек, жергілікті жолдардағы тағы 420 көпірдің жағдайы көңіл көншітпейді.
Апатты жағдайдағы көпірлер негізінен екі өңірде: Қызылорда облысында — 87, ал Түркістан облысында — 50. Сонымен бірге, Ұлытау облысында 24 көпірдің 21-і, ал Батыс Қазақстан облысында 51 көпірдің 44-і қанағаттанарлықсыз жағдайда. Жалпы, жергілікті жолдардағы көпірлердің тек 31,5%-ы ғана жақсы күйде, ал республикалық жолдардағы бұл көрсеткіш — 50,5%. Айта кетерлік жайт, көптеген ауыл тұрғындары үшін мұндай көпір — аудан орталығына, мектепке және ауруханаға апаратын жалғыз жол.
— Көлік министрлігі 2027-2031 жылдарға арналған көпір құрылыстарын түгендеу және жаңғырту жөніндегі ведомстволық бағдарлама әзірлеп жатыр. Алайда ол тек республикалық маңызы бар жолдарды қамтиды. Елдегі көпір қорының 59%-ын құрайтын жергілікті жол желісіндегі 2 135 көпір қандай да бір бағдарламадан тыс қалып, қаражат артылса ғана қаржыландырылып отыр. Бағдарлама әкімдіктерге міндет жүктемейді әрі жергілікті бюджеттерді қажетті қаражатпен қамтамасыз етпейді. Сондықтан бұл мәселені Үкімет деңгейінде шешу қажет, — Тұрарбек Тілемісов.
Осыған байланысты депутат төмендегі шараларды атқаруды ұсынды:
- 2027-2031 жылдарға арналған көпір шаруашылығын күтіп-ұстау және реконструкциялау жөніндегі бірыңғай бағдарлама әзірлеп, бекіту. Бағдарлама республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қамтуы, облыс әкімдіктерін бірлесіп орындаушылар ретінде айқындауы және өңірлік жоспарларды бекітуді көздеуі тиіс;
- Жергілікті жол желісіндегі көпірлерді бірыңғай әдістеме бойынша жаппай түгендеу және паспорттау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ оларға Көпірлерді пайдалану жөніндегі басқару жүйесін (КПБЖ) енгізу;
- Апатты жағдайдағы 142 көпірдің әрқайсысы бойынша қабылданған қауіпсіздік шаралары туралы, жобалау-сметалық құжаттамасының бар-жоғы және әрбір нысанда жұмыстардың басталу мерзімі жөнінде ақпарат ұсыну;
- 2023-2026 жылдар аралығында көпір құрылыстарына нақты жұмсалған қаражат туралы деректерді және 2031 жылға дейінгі қаржыландыру қажеттілігінің есебін ұсыну.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Серік Егізбаев мал шаруашылығын дамыту мәселесін көтеріп, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың атына депутаттық сауал жолдаған еді.