Апелляция Айзат Жұманованың өліміне қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды

Фото: Айгерим Коппаева/Kazinform

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облыстық сотында Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағым қаралып, сот алқасы бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Сот отырысында жәбірленуші тараптың қорғаушысы Арман Шәріпов сотталушының әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігіне қайта саралау жөнінде өтініш білдірді. Оның айтуынша, қылмыстың саралануы ауырлататын мән-жайларды ескере отырып қайта қаралуы тиіс.

Өз кезегінде қорғаушы тарап бұл істі неғұрлым жеңіл бапқа — ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігіне ауыстыруды сұрады.

— Сотталушының әрекетінде адам өлтіруге бағытталған тікелей ниет болмаған, ал жәбірленушінің қаза табуы абайсызда болған, — деді Жанат Сарқытов.

Фото: Айгерим Коппаева \ Kazinform

Сот алқасының төрағасы Айдын Журхановтың түсіндіруінше, апелляциялық саты істі тағылған айып аясында қарайды және бұл кезеңде оны қосымша тергеуге қайтару заңнамада көзделмеген. Сот іс материалдарын зерделей келе, бірінші саты сотының құқықтық бағасымен келісті.

Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сот сотталушының бұрын сотты болмағанын ескеріп, оған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Сонымен қатар, апелляциялық алқа жәбірленуші тараптың пайдасына өндірілген моральдық зиян өтемақысы туралы шешімді де өзгеріссіз қалдырды.

Айта кетейік, Айзат Жұманованың өліміне кінәлі деп танылған Айбар Жанболат 14 жылға сотталған болатын. Айыпталушы сот үкімімен марқұмның отбасына моральдық зиян келтіргені үшін 20 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.