АСТАНА. ҚазАқпарат – Лондонның «Арсенал» клубы ағылшын премьер-лигасында (АПЛ) өз тарихында алғаш рет 18 матчта ең көп ұпай жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бұл туралы Opta Sport статистикалық порталы мәлім етті.
«Арсенал» 20-турда лондондық дербиде сырт алаңда басты қарсыластарының бірі – «Тоттенхэмді» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Бірінші таймда-ақ 14-минутта қақпашы Уго Льорис өз қақпасына гол енгізіп алса, 36-минутта Мартин Эдегор есепті еселей түсті.
Осы турдан кейін Микель Артетаның шәкірттері 47 ұпай жинады. Сөйтіп екінші орындағы «Манчестер Ситиден» 8 ұпайға ұзап кетті.
Биыл чемпион атануды мақсат еткен «Арсенал» келесі турда 22 қаңтарда тағы бір басты қарсыласы – «Манчестер Юнайтед» клубын қабылдайды. «Манчестар Юнайтед» 38 ұпаймен үздік төрттікті түйіндеп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барселонаның» Испанияның суперкубогін жеңіп алғанын жазған болатынбыз.
Фото: CATHERINE IVILL/GETTY IMAGES
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).