- Құсбегілікке бет бұруға не әсер етті? Отбасыңда оны серік еткен жандар бар ма?
- Құсбегілікке бет бұруға біраз уақыт бойы ойланып жүрдім. Өкініштісі, қазір Сыр өңірінде бүркіт баптай білетін тәжірибелі адам мүлдем жоқ. Ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық құндылық осылайша ұмыт бола бастады. Мені алғашқыда қалай болар екен деген ой мазалады.
Зеңгір көкте самғайтын бүркітке ерекше бап керек. Оның сұсы мен мысына екінің бірі шыдай бермейтіні тағы бар. Өткір көзі қараған адамның өңменін тесіп өтерліктей. Мен ес білгеннен атқа мініп өстім. Сосын осы мақсатта ізденіп, білгенімді толықтырдым. Түрлі деректерге көз салдым. Тәуекелге бел буып, бүркітті қолға үйреттім.
Бүркіт баптағаныма көп уақыт өте қоймаса да, біраз нәрсені байқап үлгердім.
Бүркіт - өте қауқарлы. Оның тырнағында бір ер азаматтың күші бар деген әңгіме айтылады. Өзі 6-7 келі болса да, 100 келіге дейінгі аң-құсты оңай көтеріп кете алады. Мәселен, аңға салу кезінде арқарды солайша орнынан қозғайды. Ашаршылық кезінде бір бүркіт тұтас ауылды ішім-жемнен кенде етпеген дегенді көнекөз қариялардан құлағымызға құйып өстік. Тағы бір ерекшелігі, бүркіттің көзі қиядағыны шалады. Өткір. Үш шақырымға дейінгі аралықта жемтігін көреді. Осыдан-ақ, оны құстың патшасы деп бекер айтпағанын аңғару қиын емес.
Халқымызда «Құстың жүрегі көзінен көрінеді» деген сөз бар. Ол тектен-текке айтылмаған секілді. Көзі мөлдір, жәудіреген, сукөз, мұзкөз болса, оны нашар деп санайды. Ал қарашығы тұнық емес, ажарсыз, күңгірт көздісін қайратсыз дейді. Көзінен сағым ойнаған шегір кұстар қырағы, тез байқағыш келеді екен. Соған байланысты қандыкөз және қырағы деп те екіге бөледі.
Ал, ұядан алған бүркітті қолбала деп атайды. Бұл үрдіс түз бүркітін жуасытудан өзгеше.
- Бүркітті тамақтандыру қиынға соға ма?
- Бүркіттің тамағын тауып беру оңай емес. Күніне 1-2 келі ет жейді. Ол -шамамен бір қоян. Кем дегенде бір күнде 300 грамм еттен аз қорек етпейді.
- Өзге өңірлердегі құсбегілермен байланысып тұрасың ба?
- Биыл Жаңақорғанда республикалық құсбегілер фестивалі өткізілді. Оған еліміздің көптеген өңірінен бұл жөнінен тәжірибелі адамдар келді. Аталған шараға облыс атынан мен де қатыстым. Бұл мен үшін өте қызықты болды. Білмегенімді үйрендім. Бүркіттің бабын қалай жасау қажеттігін ұғындым. Рас, біздің өңірде құсбегілік өнер кенжелеп қалды. Оның себебі де бар секілді. Біріншіден, оған өңірдің жаз мезгілінде өте ыстық болатыны әсер етеді. Негізінде бүркіт салқын жерде жүргенді қалайды. Десе де, оны біздің өңірде де дамытуға болады. Естуімше, бүркіттің бірнеше түрі бар. Әрбір өңірге ыңғайлысын іздеп табуға болады.
- Құсбегілер қатарын қалай көбейтуге болады?
- Ұлттық спорт мектептері барлық дерлік аймақта бар. Сол мектептерде құсбегілік өнер үйретіледі. Өткен ғасырдың 80-жылдары елімізде 15-16 ғана құсбегі болса, бүгінде 200-ге жуықтады. Бұрын саятшылыққа тек бүркіт құсы қатысатын. Қазіргі таңда олардың қатарына ителгі, қаршыға, лашын қосылды.
Жаңақорғандағы фестивальде бірнеше күн бойы ұлттық өнер ұлықталды. Құсбегілікке қызығушылық білдірген жергілікті тұрғындар саны аз болған жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта Сыр өңірінде де қатары көбейеді деген ойдамын. Құсбегілікті дамыту үшін оны өсіп келе жатқан ұрпаққа насихаттауымыз керек. Шүкір, қазір өңірде атқа мінуге құмар жас өрендер көп. Келешекте олар құсбегілікті ұстануға да мән береді деген ойдамын.
- Қай өңірлерде жоғары деңгейде дамып келеді?
- Білуімше, Алматы, Жамбыл, Тарбағатай мен Алтай, Алатаудың бөктерінде құсбегілік жақсы дамыған. Ол жақта табиғатпен тілдесуге ықылас білдірген жастардың саны 200-ден асады екен.
- Жалпы, елімізде құсбегілік өнерді дәріптеуге қаншалықты көңіл бөлініп отыр деп ойлайсың?
- Қуаныштысы, елімізде құсбегілік өнерді дәріптеп, ел арасына танытуға «Бүркітші» және «Қыран» федерациялары ұйытқы болып отыр. Жанашыр жандардың қолдауымен ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрылды. Осының арқасында құсбегілік спорт түрінің біріне айналып, арнайы ережесі түзілді. Бұл түрлі жарыстар өткізуге өз септігін тигізеді. Қазіргі таңда ересектер мен жастар түрлі сайыстарда бақ сынап жүр.
Сондай-ақ, республикалық жарыстардың жоғары деңгейде өтуіне ерекше мән беріліп келеді. Құстың бабын білетін азаматтардың есімі алыс-жақын шетелдерге танымал бола бастады.