Әр грамм үшін күрес: қызылордалық дәрігерлер шала туған сәбилерді аман алып қалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталды бөлімшесінде екі сәби жүктіліктің 24-аптасында, яғни мерзімінен үш ай бұрын дүниеге келді.

Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

Дәрігерлер салмағы 525 грамм қыз бала мен 650 грамм ұл баланы екі айдан астам уақыт бойы күтіп-баптап, қатарға қосты. Бүгінде олардың салмағы 1900 грамға жетті.

— Бұл кезең нәрестелердің өздері үшін де, ата-аналары үшін де үлкен сынақ болды. Әрбір өткен күн, қосылған әрбір грамм және денсаулығындағы оң өзгерістер үлкен үмітке айналды. Ұзақ уақыт қарқынды терапия қабылдап, тұрақты медициналық бақылауда болған сәбилердің жағдайы біртіндеп тұрақталды. Қазір екеуі ауруханадан шығуға дайындалып жатыр, — деді бөлім меңгерушісі, неонатолог дәрігер Индира Бекжанова.

Өмірінің алғашқы күндерінен бастап нәрестелерге қарқынды терапия және тыныс алуды қолдау шаралары қажет болды. Екеуі де бастапқыда өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Кейін СИПАП әдісімен тыныс алуына қолдау көрсетілді. Қазіргі уақытта өздігінен тыныс алатын деңгейге жетті.

Биыл 9 айда перинаталды бөлімшедегі неонатология бөлімінен салмағы 1000 грамға жетпейтін 19 нәресте ем алып шықты.

— Салмағы 500 грамм шамалас сәбидің дүниеге келуі — баланың өзі, ата-анасы және дәрігерлер үшін үлкен сынақ. Қазіргі неонатологияда мұндай салмақ аса төмен санатқа жатады. Бұрын мұндай балалардың аман қалу мүмкіндігі өте төмен болса, бүгінде жоғары технологиялы медицинаның дамуы мен дәрігерлердің біліктілігінің арқасында ең кішкентай сәбилерді де аман алып қалуға мүмкіндік бар. Әрбір қосылған грамм — үміт, әрбір тыныс — өмір үшін күрес, — деді Индира Бекжанова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, алматылық дәрігерлер салмағы 1500 грамнан төмен 75 сәбидің өмірін сақтап қалды.