Әр қалада көлемі 30 гектар бір парк салынса артық болмас еді — эколог

Фото: Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазіргі таңда Орал қаласында саябақтарды сақтап қалу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда Kazinform тілшісі «Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Сариевпен сұхбаттасқан еді.

— Дархан Сүндетқалиұлы, сіздің ойыңызша, қалада саябақтар жеткілікті ме, алдымен осыған тоқталсаңыз?

— Бірден айтайын, саябақ қатарын көбейту өз алдына, барының өзін сақтап қалу күрделі мәселеге айналып тұр. Мұның себептері неде десек, ең алдымен көгалдандыру жайына тиісті дәрежеде көңіл бөлінбейді. Жергілікті билік орындары қаладағы жерлерді кәсіпкерлердің қажеттілігіне беріп, даму саласына икемдегісі келеді. Сөйтіп ол жерлерге көбіне тұрғын үйлер, ғимараттар, бизнес нысандары салынады. Заң бойынша шаһарда әр 400-600 метр сайын саябақ, 1-1,5 шақырым сайын парк, тұрғындарға қызмет көрсету радиусында 300-400 метр қашықтықта сквер болуы тиіс.

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Алайда мұны ешкім сақтамайды. Сол секілді елді мекен аумағын абаттандыру туралы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің ережелер жинағында көрсетілгендей, балабақша аумағының 50, ауруханалардың 50-60, тұрғын үй телімінің 40-60 пайызы жасыл желекпен қамтылуы керек. Егер осы талаптарды орындасақ, онда қаржы салмай-ақ, кәсіпкерлердің күшімен көгалдандыруға болар еді. 

— Сонда саябақтарды сақтап қалу үшін не істеу керек деп есептейсіз?

— Біріншіден, скверлер мен парктер жерін жекеге немесе жалға беруді тоқтату керек. Басқасын айтпағанда, 1840 жылы қолға алынған Қазақстандағы ең көне парктердің бірі — қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы жерлердің бір бөлігі жекеге және жалға беріліп кеткен. Біз сонда бұрыннан бар нәрсені дамыту түгілі сақтай алмай отырмыз. Мұндай жерлерді мемлекет теңгеріміне қайтару қажет. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Сондай-ақ № 1 емхана алдындағы ескі скверді жоймау керектігі туралы бұдан бұрын да айтқанбыз. Емхана басшысы халық көп тіркелген деген желеумен қосалқы ғимарат салғысы келеді. Бірақ мұны скверді құрту есебінен жүзеге асырмауы қажет қой.

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Онсыз да Орал қаласы орталығында бірнеше сквер құрдымға кетіп, орнына сауда орындары, тұрғын үйлер салынды. Бұл қаланың тынысын әбден тарылтып тастады. 

Сосын сквер талапқа сай болуы тиіс. Айталық, Абай даңғылы бойында ғылыми-техникалық кітапхана жанында аядай жерге іскер әйелдерге арналған скверді тыға салған. Саябақтар адамдар ойланып, қала шуынан демалатындай жер болуы қажет.

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

— Жуырда Абай даңғылы мен Құрманғазы көшесі қиылысында ағаштардың оталып тасталғаны жөнінде тұрғындар дабыл көтерді, бұған не айтасыз?

— Шыны керек, бұрын ол аумақ арматура зауытының жері болған. Бос жатқан жерге ағаштар өздігінен өскен. Ол сквер ретінде рәсімделмеген. Кейін бұл жер жекеге беріліп, ағаштар оталып тасталған. Сол секілді Ораз Исаев көшесінде отырғызылғанына 130 жыл болған екі емен ағашын жол салушылар кесіп тастағасы келетіні жөнінде қоғам белсендісінен хабар түсті. Біз сол бойда барып, құрылыс учаскесі бастығымен кездестік. Ол емен ағаштарының оталмайтынына уәде берді. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі, біз соған дер кезінде тосқауыл қоюға тырысамыз. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

— Кәсіпкерлер кесілген ағаштың орнына жаңадан бірнеше есе тал-теректер отырғызуы керек деген талап бар ғой?

— Өкінішке қарай, бұл да сақтала бермейді. Өйткені әркімнің түсінігі әр түрлі. Бір мысал келтірейін. Зачаган кентінде Мұрат Мөңкеұлы көшесінде «Меркурий» сауда үйі маңында айдалаға 800 метрдей аумақта теректер отырғызылған. Біріншіден, адам жүрмейтін жер, екіншіден, айналасы ор болып қазылып, бөгет тұрғызылған, суаруға техника бара алмайды. Тағы бір айтатын жайт, біз негізінен жол бойына, тротуар маңына тал-терек шаншуға әуеспіз. Ағаш өсе келе, электр сымдарына тиетінін ескермейміз немесе тамыр жайғаннан кейін тротуарды бүлдіруі мүмкін. Олай болса, түбі бәрібір кесуге тура келеді.

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

— Сонда сіздің ұсынысыңыз қандай?

— Меніңше, Қазақстанның әр қаласында көлемі 30 гектар пейзажды парк тұрғызсақ, артық етпейді. Мысалы, Оралда әр тұстан осының үшеуін салуға болады. Екіншіден, саябақтар санын көбейтпесек, ұтылмаймыз. Оралда Жұбан Молдағалиев, Астанада Әлішер Науаи саябағы бар, жан-жағынан кіріп-шығуға, адамдар демалуға қолайлы. Міне, облыс орталығында осындай саябақтың бесеуін тұрғызсақ, мұртымызды балта кеспейді. 

Осы орайда бір мысал келтірейін. Бізбен көршілес Ресейдің Самара қаласында Еділ жағасында жекеге беріліп кеткен жерлерді кері алып, парк жасап жатыр. Ол үшін жағалауды бес метрге дейін биіктеткен. Бізде Жайық жағалауында неге солай жасамасқа?! Жағалауды бетондармен бекіткеннен гөрі топырақпен биіктетіп, ағаш отырғызған тиімді деп ойлаймын. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

— Сіз AMANAT партиясы жанындағы экологиялық кеңесте жасыл желектер мәселелері жөніндегі жұмыс тобын басқарып келесіз. Осы орайда заңнамаға қандай өзгеріс, түзетулер енгізу керек деп санайсыз?

— Шыны керек, қала мен елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға қатысты заңнаманы біраз зерттедім. Сонда көптеген олқылықтарға жолықтым. Мысалы, мемлекеттік стандарт Кеңес одағы дәуірінен бері бар. Біздің заңнамада оған сүйеніп, мемлекеттік стандарттар жіліктеліп көрсетілмеген. Тіпті кей заңнама бөліктері екіншісінен тұтастай көшіріп алынған. Міне, осындай өзекті жайттарға байланысты өз ұсыныс-тілектерімізді айтып, жеткізіп келеміз. Бірқатары қабылданып, заңнамаға енгізілді. Алдағы уақытта мұны жалғастырмақ ниеттеміз. 

Түптеп келгенде, әркім өз бетімен, тып-тыныш жүре бермей, қоғам ісіне араласып, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға қал-қадерімізше атсалысу - біздің азаматтық борышымыз дер едім.

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ағаштардың орынсыз кесілуіне байланысты оралдық экологтың көгалдандыру мәселесін көтергенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Оралда емхана алдындағы ескі сквер жойылып кете ме, осыған байланысты әкімдік жауап берді.