Ата кәсіпке адалдық
Саналы ғұмырын табиғи байлығымызды қорғауға арнап, экологиямыздың оңалуына үлес қосып жүрген қарапайым орман қызметкерлерінің еңбегі қай жағынан болсын мақтауға лайық. Осы бір абыройлы мамандықты тізгіндеген ағайынды Қайролла және Қайполла Амановтардан тараған ұрпақтары Ертісті бойлаған қара орманға қамқор болып келеді. Олардың ішінде төртеуі ғұмырын осы салаға арнаған.
— Мынау қалың жалқарағайлардың арасында ата-бабамыз аң-құс қағып, саятшылық құрған. Біз орманды алқапта, сұлу табиғи өлкеде өмірге келген бақытты ұрпақпыз. Ормандар арасында күмістей жарқыраған қаншама көлдер бар. Ежелден елік, қасқыр, сілеусін, түлкі, қарсақ, қоян, бұлан сияқты түз тағылары жайлаған өлке. Бала күнімізден осы өңірді қорғау парызымыз іспетті қанымызға сіңді. Ағамның да табиғатпен, жабайы жануарлармен байланысы әсер етті ме екен, жастайымнан орманшы боламын деп шештім. Сол шешімім дұрыс болғанына әркез шүкіршілік етемін, — дейді Амановтар әулетінің үлкені, бүгінде жасы 77-ге толып отырған Қайполла қария.
Ақсақалдың айтуынша, бұл жауапты қызмет орман алқаптарын қорғаумен ғана шектелмейді. Өмірін осы іске арнаған азаматтар қарағайларды емдеумен, браконьерлерден қорғаумен де айналысады. Жасыл желек қорын молайту да олардың жауапкершілігінде. Қайполла аға 45 жылының басым бөлігін Шалдай филиалы Степной орманшылығында өткерген. Осы уақыт аралығында өрттен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтірумен айналысып, жүздеген гектар орманның қайта жайқалуына тер төкті. Ісімен көпке үлгі болып, «Мамандығында үздік» облыстық байқауда бірнеше мәрте жеңіске жеткен.
Бір кәсіп — бір мұрат
Марқұм ағасы Қайролла Арымбекұлы кеңес әскері қатарындағы әскери қызметін өтеген соң орман шаруашылығына ат айдаушы, ағаш кесуші болып жұмысқа орналасады.
Шалдай ауылына қоныс аударғаннан кейін ағаш өңдеу цехында жұмысшы болып еңбек етеді. 1982 жылы «11-ші бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісімен, 1984 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Ал 1956 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне делегат ретінде қатысып қайтқан. Оның жұбайы Майра Ахметқызы ағаш өңдеу цехында 21 жыл жұмысшы болып еңбек етті. Отбасында үш бала тәрбиелеп өсірген.
Қайролла ағаның ұлдары Қайырхан мен Сәбитханның да еңбек жолдары орман шаруашылығымен байланысты. Қайырхан резерваттағы ағаш өңдеу цехында 9 жыл еңбек етсе, Сәбитхан орман қорғау ісімен 40 жылдан аса шұғылданып, 2019 жылы зейнетке шыққан.
Әкесінің әрі өз әулетінің даңқты жолын лайықты жалғастырып, орман шаруашылығында оның ұлы Марат еңбек еселі етіп келеді. Марат Сәбитханұлы бүгінде резерваттағы Шалдай филиалы директорының орынбасары.
Саладағы жалпы еңбек өтілі жиырма жылдан асып отыр. Ал анасы Сәуле Қабиденқызы да осы салаға араласып, 20 жылын арнаған. Бұдан бөлек Марат Сәбитханұлының зайыбы Гүлмира Александрқызы орман шаруашылығында 15 жылдай қызмет етсе, інісі Самат резерватта екі жылдай бухгалтер болып еңбектенген.
Қайполла ағадан тараған ұрпақтары да орман ісінен алыстай алмапты. Үлкен ұлы Амангелді ұшқыш-бақылаушы ретінде орман шаруашылығындағы 23 жылдан бері тер төгіп жүр.
Сәбит Қайполлаұлы орман өрт сөндіру стансасында жүргізуші, кейін станса басшысы қызметтерін атқарған. Саладағы еңбек өтілі — 6 жыл. Зайыбы Зайгүл де орман қызметкері.
— Бүгінде әулетіміздің орман саласындағы жалпы еңбек өтілі 235 жылдан асып отыр. Өзім бұл саланы мектеп бітірген жылы таңдаған едім. 2006 жылы Қазақ аграрлық университетін «Орман және парк шаруашылығы инженері» мамандығы бойынша тәмамдағалы резерваттамын. Орман шебері, орманшы, табиғат пайдалану инженері, орман қорғау инженері, Шалдай филиалы басшысының орынбасары, филиал басшысы, аңшылықтанушы қызметтерін атқардым. Қазіргі уақытта Шалдай филиалы директорының орынбасары қызметіне қайта шақыртылдым, — дейді Марат Сәбитханұлы.
Әр көшеттің соңында маңдай тер бар
Оның айтуынша, орманшылардың жұмысы оңай емес. Күз бен қыста қарағай бүршігін жинаудан бөлек, көктемгі егіс жұмыстары үшін ылғал жинайды. Әуелі өрт шалған учаскелер тазартылып, жаңа егіске дайындық жүргізіледі. Одан соң қарағай көшеттері отырғызылатын танаптарға қарды үймелеп жинайды да, үстін қалың шөппен жауып тастайды. Көмілген қар көктемде ұзақ уақыт ерімей жатады. Сәуір айында жас көшеттерді отырғыза бастағанда тамыры қар кесектерімен бірге көміледі. Тамыр айналасындағы топырақта ауа қалмауы мұқият қадағаланады. Бұл әдіс көшеттердің тамырына көпке дейін ылғал беріп тұруға арналған. Әрі қарай жаздың жаңбырына іліксе, өміршеңдігін сақтап қалу мүмкіндігі мол. Жас қарағайлар жайқалып өсе бастағанда орманшылар үшін үлкен қуаныш.
— Негізгі миссиямыз — табиғаттың иен байлығын көзіміздің қарашығындай сақтап, көбейту болғандықтан, соңғы жылдары орманның жанып кеткен бөліктерін қайта қалпына келтіру, тың жерлерге көшеттер егуге көңіл бөліп отырмыз. Қарағай бүршіктерін күн суытқан мезгілден бастап жинай бастаймыз. Жалқарағайлар биік өсетін өсімдік. Ұзындығы 5-6 метрлік ілмек жасап, ұшар басындағы бүршіктерді қағып түсіреміз. Сапалы тұқымдар негізінен әлгіндей бүршіктерден шығады. Бүршіктерді кептіріп, арнайы құралда ұсатып, орташа көлемдегі тұқымдарын ғана іріктеп аламыз. Ұсақтары мен тым үлкендерінен дұрыс көшет өнбейді. Биыл күзде шамамен 450 гектар жерге қарағай көшеттері егіледі, — деп әңгімеледі тәжірибелі орманшы.
Өрттен кейінгі орманның жаңа тынысы
Негізі Шалдай филиалына 143 мың гектардан астам жер тиесілі болса, соның шамамен 85 мың гектардан астамы жалқарағаймен көмкерілген. Филиал қызметкерлері 2000-шы жылдардан бері жанып кеткен орманды жерлерді толық қалпына келтіріп, мемлекеттің иен байлығын толықтыру үстінде. 2010 жылғы алапат өрттен қара орманға шығын көп келген екен. Өртенген 2 мың гектардан астам жер бүгінде толықтай қалпына келіп, қарағайлар жайқалып тұр. Ал 2023 жылы тілсіз жау ойран салған резерват жерлерін келер жылы көшеттермен қамту көзделіпті. Көлемі аса үлкен болмаса да, филиал қызметкерлері бұл аумақты алдағы 10-15 жылда жайқалған жасыл орманға айналдырмақ ойлары бар. Күзде отырғызылатын көшеттердің көктемде жай-күйі тексеріліп, тым болмағанда 65 пайызы өз өміршеңдігін сақтап қалғаны анықталса, нәтиже бар деп есептеледі. Құрғап қалған көшеттер қолмен жұлынып, орнына жаңадан көшеттер егіледі. Ал жас қарағайлардың өміршеңдік көрсеткіші одан төмен болса, алқаптарға техниканың көмегімен қайтадан толықтай отырғызу іс-шаралары жүргізіледі.
— Жанып кеткен алқаптар көбіне жан-жағы қорғалмаған жазық жерлер. Ондай жерде қарағай көшеттерінің өсімталдығы қиынға түседі. Кезінде техниканың аздығынан агротехникалық іс-шараларда ақаулар жиі болды. Тек соңғы жылдары техникаларымыз жаңарып, мүмкіндігіміз молая түскелі ісіміздің нәтижесі айтарлықтай артып отырғанын байқаймыз. Қазір автопаркіміз толықтай қамтылды. Филиалымызда 35 трактор, «Jac» маркалы өрт сөндіргіш шағын 19 автомашина, 35 үлкен өрт сөндіргіш көлік бар. Бұл біздің жұмысымызға серпін сыйлап, соңғы уақытта көшеттерді күзде де отырғызатын болдық, — дейді Марат Сәбитханұлы.
Жасанды зерде — орман күзетінде
Сөз соңында Марат Сәбитханұлы резерват үшін ең басты қауіп дала өрттері екенін жеткізді. Сәуір айынын басынан қараша айында алғашқы ақ ұлпа түскенге дейін өрт қауіпті кезең саналады. Жылына орта есеппен 60-70 өрт тіркелсе, олардың 99 пайызы найзағай түсуден болады екен. Өртті ерте сатысында анықтауға орман өрттерін ерте анықтау жүйелері көп септеседі. Мұндай жүйе орнатылған 23 мұнара адам аяғы бара бермейтін, елді мекендерден алшақ жерлерге қойылған. Жүйелер жасанды зерде мен бейнебақылау құралдарын қолдана отырып, түтін немесе оттың алғашқы белгілерін автоматты түрде таниды әрі ақпаратты дереу диспетчерлерге жолдап отырады. Бұл әсіресе қалпына келуіне онжылдықтар қажет болатын орман алқаптары үшін өрт сөндірушілердің жұмысын жеделдетіп, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Орманшылардың сөзінше, қылқан жапырақты қарағайлардың орташа тіршілік етуі — 250-280 жыл. Бұл орман жалдары ежелгі мұхит табанынан өсіп шыққан деген де болжам бар, бірақ ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Қарағай — киесі бар ағаш. Құдыреттің күші емей немене, орман ішінде серуендесең, тың әрі таза энергияны сезінесің. Кейбір қарағайлардың жуан болып өсетіні соншалық, үш адам қатар тұрғанда құшақтары жетпейді. Ондай орман батырларының жасы 300 жылдан асып кеткен, биіктігі 25 метрге дейін жетеді.
Еске сала кетейік, Ертіс орманында бұлан көбейді.
Биыл Ертіс-Баян өңіріндегі ормандарда 3 млн көшет отырғызылады.