Әр секунд қымбат
Талғат Бекенов Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында 20 жылдан бері нейрохирург болып еңбек етеді. Осы жылдары ол әр секунд қымбат, ал қателіктің салдары ауыр болатын талай жағдайды бастан өткерді.
Дәрігердің жұмысы Көкшетаудағы ауруханамен шектелмейді. Науқасты облыс орталығына жеткізу мүмкін болмаса, ол «Қазавиақұтқару» тікұшағымен аудандық ауруханаға өзі барады.
Бурабай, Атбасар, Степногорск, Есіл мен Державинск — оның барған жерлерінің бір бөлігі ғана. Дәрігер Ақмола облысының көптеген ауданында көмек көрсетеді. Тек Астана маңындағы № 2 көпбейінді облыстық ауруханаға қарайтын аудандарға бармайды. Кей елді мекендерге жету үшін жүздеген шақырым жол жүру керек. Ал қолайсыз ауа райы сапарды одан әрі қиындатады.
— Әр сапарда дерлік әр секунд қымбат. Кейде операциядан шыға бергенімде көлік күтіп тұрады. Әуежайға бара жатқанда аудандық ауруханадағы дәрігерлермен байланысып, науқасты қалай дайындау, қандай ем-шаралар жүргізу, операцияға дейін не істеу керектігін айтып отырамын. Мұның бәрі уақыт алады, — дейді Талғат Бекенов.
Әуежайға жету, тікұшақпен ұшып бару, операцияға дайындалу — бәрі уақыт алады. Өкінішке қарай, кейде науқасқа көмек көрсетуге үлгермей қалады.
— Жолда келе жатқанымызда «Жігіттер, шақырту тоқтатылды, қайтыңдар, кеш қалдыңдар» деп хабарласқан кездер де болды, — дейді нейрохирург.
Мұндай сапарлардың себебі түсінікті: аудандық ауруханаларда нейрохирургтер жоқ.
— Қазір санитариялық авиацияны медициналық авиация деп атаймыз. Бірақ оның міндеті өзгерген жоқ. Нейрохирургия — тар бейінді мамандық. Өкінішке қарай, аудандық ауруханаларда нейрохирургтер жоқ. Әсіресе ауылдық жерлерде маман тапшылығы әлі де өзекті, — дейді дәрігер.
Маманның пікірінше, жас дәрігерлердің ауылда тұрақтап қалуы үшін лайықты жалақы мен жақсы жұмыс жағдайы қажет. Ауруханалар заманауи жабдықтармен қамтылып, қызметкерлердің білімін жетілдіруіне мүмкіндік жасалуы керек. Баспанамен қамтамасыз ету, көшіп баруға қолдау көрсету және әлеуметтік кепілдіктер де маңызды.
Өйткені дәрігер жетіспесе, ең алдымен, шалғайдағы тұрғындар зардап шегеді. Олар қажетті көмекті дер кезінде ала алмауы мүмкін.
Кейде аудандық ауруханада түнеуге тура келеді
Шұғыл шақыртуға шыққан дәрігер үшін ауа райы да үлкен кедергі. Қыста боран соғып, аяз күшейсе, жазда найзағайлы жаңбыр жауса, тікұшақ ұша алмай қалуы мүмкін. Қыста күннің ерте батуы да қиындық туғызады.
Дегенмен әуе көлігі жолға кететін уақытты едәуір қысқартады. Мысалы, Степногорскіге тікұшақпен шамамен бір сағатта жетуге болады. Ал көлікпен үш сағаттай жүру керек.
— Кейде операция аяқталғанша ұшуға болатын уақыт өтіп кетеді. Сондайда аудандық ауруханада түнеуге тура келеді. Қатты аязға байланысты да қалып қойған кездеріміз болды, — деп еске алады нейрохирург.
Талғат Бекенов әр сапарға қажетті хирургиялық құралдарын ала шығады. Оның айтуынша, аудандық ауруханаларда бас сүйекке операция жасауға арналған құралдар бар. Дегенмен медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен толықтыру қажет.
Әсіресе компьютерлік томография аппараттары маңызды. Олар жарақаттың сипатын тез анықтап, қандай ем қолдану керектігін шешуге көмектеседі. Бұл аппараттар басқа ауруларды анықтауға да қажет.
— Кейбір науқастарды тіпті жақын маңдағы аудандық ауруханаға жеткізу мүмкін емес. Бірақ ешкім медициналық көмектен қағылмауы керек, — дейді маман.
Дәрігер оң өзгерістерді де атап өтті. Бір жыл бұрын Атбасар аудандық ауруханасы көпбейінді ауданаралық аурухана болып қайта құрылған. Жаңа жабдықтар сатып алынып, нейрохирург жұмысқа қабылданған. Содан бері Талғат Бекеновке бұл ауданға бұрынғыдай жиі ұшудың қажеті жоқ.
Ауыр жарақаттан инсультке дейін
Еңбек жолының алғашқы жылдарында Талғат Бекенов көбіне бас сүйек-ми жарақатын алған адамдарға көмек көрсетуге баратын. Олардың арасында жол апатына ұшырағандар, мотоцикл мен скутер мінгенде жарақат алғандар, Бурабайда демалып жүргенде оқыс жағдайға тап болғандар көп еді. Әсіресе жазда мұндай шақыртулар жиілейтін.
Ал соңғы жылдары операция қажет ететін инсульт жағдайлары көбірек кездеседі. Дәрігер мұны инсульт кезінде медициналық көмек көрсету қызметінің дамуымен де байланыстырады.
Оның байқауынша, жол апаттары да азайған. Бұған жол қауіпсіздігінің күшеюі, камералар мен радарлардың орнатылуы, жолдардың жақсаруы ықпал еткен. Алайда ауыр жарақаттар әлі де кездеседі.
— Қазір кей жастар көлікті қатты жылдамдықпен айдайды. Апатқа ұшырап, ауруханаға түскенде, олардың жағдайын ата-анасына түсіндіру өте қиын, — дейді нейрохирург.
Дәрігер науқастың өмірін сақтап қалғанымен, оның бұрынғы денсаулығын толық қайтару әрдайым мүмкін бола бермейді.
Мұндайда ең қиыны — жақындарымен сөйлесу. Олар қорқып, абдырап қалады. Кейде науқасты басқа ауруханаға жеткізуді сұрайды. Бірақ ауыр жағдайда жатқан адамды тасымалдаудың өзі қауіпті болуы мүмкін. Ал операцияны кешіктіруге болмайды.
— Ең қиыны — алғашқы әңгіме. Адам қорқып тұрады, жағдайдың қаншалықты ауыр екенін әлі түсінбейді. Бір тәулік өткен соң ғана не болғанын біртіндеп ұғына бастайды, — дейді Талғат Бекенов.
Науқастың мүгедек болып қалуы мүмкін екенін немесе сауығу мүмкіндігі өте төмен екенін жеткізу оңай емес. Ал адам қайтыс болғанын айту одан да ауыр.
Операция кезінде дәрігер бар назарын адам өмірін сақтауға аударады. Ал операция бөлмесінен шыққанда оны хабар күтіп отырған жақындары қарсы алады.
Жиырма жыл өтсе де ұмытылмаған науқас
Талғат Бекенов 20 жыл ішінде қанша адамның өмірін сақтап қалғанын есептемеген. Әр науқастың кейінгі тағдырын біліп отыру да мүмкін емес. Бірақ кейбір оқиғалар күні бүгінге дейін есінде.
Соның бірі еңбек жолының алғашқы жылдарында болған.
Жол апатынан кейін ауруханаға жағдайы өте ауыр адам жеткізіледі. Оған әртүрлі саланың хирургтері бірігіп операция жасайды. Науқастың аман қаларына үміт аз болған. Соған қарамастан ол тірі қалып қана қоймай, ойлау, есте сақтау қабілеті мен психикалық саулығы да сақталған. Қазір ол аман-есен.
— Сол оқиға әлі есімде. Тіпті науқастың тегіне дейін ұмытқан жоқпын, — дейді дәрігер.
Оның тәжірибесінде аман қалуы екіталай көрінген адамдардың тірі қалған кездері де болған.
Мысалы, бесінші, жетінші, тіпті сегізінші қабаттан құлап, аман қалғандар кездескен. Бірінің құлауын ағаш бұтақтары бәсеңдетсе, енді біріне төменде жайылған кір көмектескен.
Дәрігер мұндай адамдарды ажал аузынан аман қалған жандар деп сипаттайды.
Алайда ауруханада науқастың сауығып шығуы көбіне дер кезінде қойылған диагнозға, дәрігерлердің бірлескен жұмысына және уақытылы көрсетілген көмекке байланысты.
«Диплом алған адам бірден жақсы дәрігер болып кетпейді»
Талғат Бекеновтің отбасында дәрігер болмаған. Әкесі инженер-механик, анасы орыс тілінен сабақ берген. Туыстарының көбі білім беру саласында жұмыс істеген.
Ата-анасы да оның басқа мамандық таңдағанын қалаған. Бірақ Талғат 1996 жылы медициналық колледжге түсіп, кейін Қарағанды мемлекеттік медицина академиясында оқуын жалғастырған.
Алғашында хирургияға қызыққан. Кейін неврологияға көңілі ауған. Бір кезекшілік кезінде нейрохирургпен танысып, осы екі саланы біріктіретін мамандыққа қызыға бастайды.
— Неврология мен хирургия тоғысқан бұл сала мені қатты қызықтырды. Академияны бітірмей тұрып-ақ нейрохирургтермен бірге кезекшілікке шығатынмын. Оның бәрін өз еркіммен істедім. Маған қызық болды, — деп еске алады ол.
Оқуын аяқтаған соң ересектер нейрохирургиясы бойынша интернатурадан өткен.
Қарағандыда қалып, кафедрада сабақ беруіне мүмкіндік болған. Бірақ отбасындағы жалғыз ұл болғандықтан, ата-анасының жанында болуды жөн көріп, туған жері Көкшетауға оралған.
Осылайша, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасындағы еңбек жолы басталған.
Алғашқы жылдары оңай болмағанын жасырмайды. Көп нәрсені жаңадан үйреніп, тәжірибе жинауға тура келген. Сол кезде аға әріптестері мен ұстаздарының қолдауы көп көмектескен.
Биыл 1 тамызда оның осы ауруханаға дәрігер-ординатор болып қабылданғанына тура 20 жыл толды.
Осы уақыт ішінде көптеген марапат алған. Олардың қатарында SENIM кәсіподағының мамандыққа адалдығы үшін берілген медалі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі және былтыр Республика күні қарсаңында табысталған «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалі бар.
Дегенмен дәрігер үшін басты жетістік марапат санымен өлшенбейді.
— Дәрігер дипломын алған адам бірден жақсы маман болып кетпейді. Ол үшін кемінде бес-он жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинау керек, — дейді Талғат Бекенов.
Ол тәжірибелі әріптестерінің мемлекеттік ауруханалардан жеке клиникаларға немесе басшылық қызметке ауысқанына қынжылады. Әркімнің өз таңдауы бар екенін түсінеді. Бірақ білікті мамандардың мемлекеттік медицинадан кетуі науқастардың көмек алуын қиындатуы мүмкін деп есептейді.
— Енді сол дәрігерден білікті көмек алу үшін науқас ақша төлеуі керек. Әйтпесе мүлде көмек ала алмауы мүмкін, — дейді нейрохирург.
Талғат Бекеновтің пікірінше, дәрігерге білім мен тәжірибеден бөлек, адамға көмектесуге деген шынайы ниет қажет.
Ол үшін міндетті түрде күрделі операция жасау шарт емес. Кейде науқасты қажетті орталыққа бағыттау, емін ұйымдастыру немесе тиісті маманға жолдау да үлкен көмек.
Ең бастысы — көмекке мұқтаж адамды назардан тыс қалдырмау.
«Қызымның біз сияқты тынымсыз жұмыс істегенін қаламаймын»
Талғат Бекенов — бес баланың әкесі. Үлкен ұлы Астанадағы аграрлық университеттің бірінші курсында оқиды.
Ұлы медицина саласын таңдамаған. Оның ойынша, дәрігер болу үшін ұзақ жыл оқу қажет. Ал басқа мамандықты қысқа уақытта меңгеруге болады.
Екінші ұлы да әзірге дәрігер болғысы келмейді. Ал қызын Талғат Бекеновтің өзі бұл мамандықты таңдаудан айнытуға тырысады.
— Қызымның біз сияқты әбден шаршап жұмыс істегенін қаламаймын. Медицинаға адам өз қалауымен келуі керек. Ол өз ісін шын сүйіп, осы мамандыққа бейімі болуы тиіс, — дейді дәрігер.
Оның бұлай айтуының себебі бар. Шұғыл шақыртулар, ұзақ операциялар, ұйқысыз түндер мен үлкен жауапкершілік — дәрігердің күнделікті өмірінің бір бөлігі.
Кейде оны түн ортасында оятып, шұғыл көмекке шақырады. Алдымен аудандық ауруханадан әріптесі хабарласып, науқастың жағдайын айтады. Артынша диспетчер көліктің шыққанын жеткізеді. Сәлден кейін жүргізуші қоңырау шалып, сыртқа шығуын сұрайды.
— Біздің дәрігерлерді тойдың үстінен операцияға алып кеткен кездер болған. Тіпті моншадан шыға берген жерінен шақырған жағдайлар да бар, — деп күледі нейрохирург.
Осындай қарбалас жұмыста демалуға уақыт табу оңай емес.
Талғат Бекенов балық аулағанды, орманға шыққанды, атқа мінгенді және көлікпен саяхаттағанды ұнатады. Жылына бір-екі рет табиғат аясына барып, телефонын өшіріп, тыныштықта демалуға мүмкіндік табады.
Ең бастысы — мейірімнен айырылмау
Талғат Бекеновтің айтуынша, дәрігер ауыр жұмысқа төтеп беру үшін сабырлы әрі төзімді болуы керек.
Бірақ жақсы маман болу тек білім мен тәжірибеге байланысты емес. Науқастың жағдайын түсіну, оның жақындарының қорқынышы мен үмітіне бейжай қарамау да маңызды.
— Сондықтан медицинадағы ең басты нәрсенің бірі — мейірімнен айырылмау, — дейді ол.
Жиырма жыл ішінде Талғат Бекенов талай ауыр жағдайды көрді. Аман қалуы екіталай адамдардың сауығып кеткеніне куә болды. Қолдан келгеннің бәрін жасаса да, құтқара алмаған науқастары да бар.
Кейде шалғай ауданға ұшып барып, ауыр науқасқа көмек көрсетті. Ал кейде үлгермей кері қайтуға тура келді.
Дәрігер аман алып қалған науқастарының санын есептемегенімен, олардың кейбірі жылдар өткен соң өздері іздеп келеді. Облыстың әр түкпірінен арнайы келіп, алғыс айтатындар бар. Тіпті кейін достасып кеткен науқастары да кездеседі.
Ал аудандық ауруханада тағы бір науқас көмек күтіп, әуежайда тікұшақ дайын тұрса, Талғат Бекенов қайта жолға шығады.
Бұл мамандықта әр науқастың өмірін сақтап қалуға кепілдік беру мүмкін емес. Бірақ адамға тағы бір мүмкіндік беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға болады.
Бұған дейін Kazinform Париж бен Токио дәрігерлері операцияларын бақылап отыратын қазақстандық нейрохирург туралы жазған еді.