Операцияларын Париж бен Токио дәрігерлері тікелей эфирден бақылайтын қазақстандық нейрохирург

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мыңжылқы Бердіқожаев миға 8 мыңнан астам ота жасаған. Ол Қазақстанда инсультті емдеудің озық әдістерін алғашқылардың бірі болып енгізіп, операцияларын әлемнің түкпір-түкпіріндегі нейрохирургтерге тікелей эфирде көрсетіп келеді.

Мынжылкы Бердиходжаев
Фото: Мыңжылқы Бердіқожаевтың жеке архивінен

Бір кездері Германияда мансабын жалғастыруға мүмкіндік туғанымен, ол елге оралуды жөн көрді. Бүгінде дәрігер науқастарды емдеумен қатар, еліміздегі жоғары технологиялық медицинаның дамуына үлес қосып, жас мамандарды оқытып, қазақстандық нейрохирургтердің жаңа буынын қалыптастыруға атсалысып жүр.

Естен кетпес ота

2010 жылы ми қан тамырларына жасалған күрделі ота барысында күтпеген жағдай болды. Тромб артерияны бітеп тастады. Хирургтер қан айналымын қалпына келтіруге тырысқанымен, ештеңе шықпады. Науқас ишемиялық инсульт алып, он күннен кейін көз жұмды.

Мыңжылқы Бердіқожаев сол оқиғаны әлі күнге дейін ұмыта алар емес. Жас нейрохирург үшін бұл ауыр кәсіби сынақ қана емес, жаңа шешімдер іздеуге түрткі болған сәт еді. Ол мидың зақымдануына жол бермей, ми тамырындағы тромбты алып тастап, қан айналымын уақытында қалай қалпына келтіруге болатынын түсінгісі келді. Осы сұраққа жауап іздеп, шетелде білімін жетілдіруге аттанды. Жаңа технологияларды зерттеп, жетекші мамандардың жұмысын бақылап, кәсіби дағдыларын шыңдады.

2013 жылы Бердіқожаев Қазақстанда алғаш рет механикалық тромбэктомия жасады. Бұл әдіс ми тамырындағы тромбты алып, қан айналымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Кейіннен аталған технология отандық медицинада кеңінен қолданылып, ишемиялық инсультке шалдыққан науқастарды емдеуге мүмкіндік берді. Дәрігердің есінен кетпеген қайғылы оқиға осылайша оның кәсіби қызметіне жаңа серпін сыйлады.

Тағдырын айқындаған таңдау

1990 жылдардың соңында Қазақстанда дәрігер болу оңай емес еді. Медицина қызметкерлері жалақысын айлап ала алмайтын, ауруханаларда заманауи жабдықтар жетіспейтін, ал көптеген медициналық мамандықтың болашағы бұлыңғыр болатын. Осындай кезеңде Қызылордадан шыққан жас жігіт Қарағанды мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсті.

Оның отбасында бұған дейін дәрігер болмаған. Мыңжылқы медицина жолын таңдаған алғашқы адам еді. Оны адамзат үшін әлі де талай құпиясы ашылмаған ми жұмысы, жауапкершілікпен шешім қабылдау және ауыр халдегі науқастарға көмектесу мүмкіндігі қызықтырды. Осылайша ол медицинаның ең күрделі салаларының бірі — нейрохирургияны таңдады.

Алғашқы отасын 2004 жылы 23 жасында жасады. Ауруханаға ауыр ми жарақатын алған науқас шұғыл жеткізілген еді. Ол кезде медициналық технологиялардың мүмкіндігі бүгінгідей емес, көптеген жұмысты қолмен атқаруға тура келетін.

- Алғашқы отамды 2004 жылы, 23 жасымда жасадым. Науқас ауыр ми жарақатымен түсті. Ол кезде технологиялар өте аз болатын, көп жұмысты қолмен атқаратынбыз. Ота сәтті өтті. Сол кезде өз жолымды тапқанымды, өмір бойы осы іспен айналысатынымды түсіндім, — деп еске алды нейрохирург.

Кейін ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша Санкт-Петербургтегі Киров атындағы Әскери-медициналық академияда білімін жалғастырды. Германия, Оңтүстік Корея және басқа да елдерде тағылымдамадан өтіп, қан тамырлары хирургиясы мен эндоваскулярлық хирургияның заманауи әдістерін меңгерді.

Мынжылкы Бердиходжаев
Фото: Мыңжылқы Бердіқожаевтың жеке мұрағатынан

Халықаралық деңгейде мансап құруға барлық мүмкіндік бар сияқты көрінген. 2011 жылы Германияда жүргенде, Бердіқожаевқа ірі шетелдік клиникалардың бірінде жұмыс істеу туралы ұсыныс түсті.

Оның алдында күрделі таңдау тұрды: әлемдегі медицинасы дамыған елдердің бірінде еңбек жолын жалғастыру немесе заманауи технологияларды енді ғана енгізе бастаған туған еліне оралу. Ол Қазақстанды таңдады.

Бұл шешімнің астарында өте маңызды бір сұрақ жатты: егер талантты дәрігерлер, ғалымдар мен ұстаздардың бәрі шетелге кетсе, ата-анамызды кім емдейді, балаларымызды кім оқытады?

Ол жинаған білімін дәл сол білімге зәру елде қолдану үшін отанына оралды. Содан бері 15 жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде оның кәсіби қызметі Қазақстандағы нейрохирургияның дамуына үлес қосқан маңызды кезеңдердің біріне айналды.

Сегіз мыңнан астам ота және медицинаны өзгертетін технологиялар

Бүгінде Мыңжылқы Бердіқожаев — Қазақстандағы қан тамырлары және эндоваскулярлық нейрохирургия саласының жетекші мамандарының бірі. Ол Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың Нейрохирургия орталығын басқарады, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы директорының хирургия жөніндегі орынбасары қызметін атқарады, кәсіби медициналық бірлестіктердің жұмысына қатысады.

Оның есебінде ми мен қан тамырларына жасалған 8 мыңнан астам ота бар. Жыл сайын жүздеген күрделі, жоғары технологиялық операция жасайды. Бұл сандардың артында кәсіби рекорд қана емес, мыңдаған адамның тағдыры жатыр.

Ми аневризмасы, тамырлық мальформациялар, инсульт салдары және басқа да ауыр дерттерге шалдыққан науқастар бұрын қолжетімсіз болған технологиялардың арқасында қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік алады.

Бердіқожаев жұмысының негізгі бағыттарының бірі — эндоваскулярлық нейрохирургия. Бұл әдістің ерекшелігі — ми қан тамырларына жасалатын күрделі оталардың көпшілігін хирургиялық араласусыз орындауға болады. Ол үшін қан тамырына кішкентай тілік арқылы арнайы құралдар енгізіліп, зақымданған аймаққа жеткізіледі. Содан кейін қажетті емдік шара жасалады. Мұндай операциялардан хирургтің қимыл дәлдігі, анатомияны терең білуі және заманауи технологияларды жоғары деңгейде меңгеруі талап етіледі.

Мынжылкы Бердиходжаев
Фото: Мыңжылқы Бердіқожаевтың жеке мұрағатынан

Бердіқожаев Қазақстанда ми аневризмасы мен артериялық-веналық мальформацияларды емдеудің заманауи эндоваскулярлық әдістерін алғашқылардың бірі болып енгізе бастады. Алайда бұл жұмыстың басты нәтижесі бір маманның күрделі технологияларды меңгеруімен шектелмейді. Уақыт өте келе жаңа әдістер отандық медициналық тәжірибеге еніп, нейрохирургияның тұтас бір бағытын дамытуға негіз болды.

Озық медицина әр адамға қолжетімді болуы керек

Мыңжылқы Бердіқожаев үшін нейрохирургияның дамуы медициналық орталықтардың жетістіктерімен ғана өлшенбейді. Ол кәсіби қызметінің едәуір бөлігін Қазақстанның түкпір-түкпірінде жоғары технологиялық медицинаны дамытуға арнап жүр.

Нейрохирург көп жылдан бері облыстардағы медициналық мекемелерге тұрақты түрде барып, ми қан тамырларына күрделі оталар жасайды, науқастарға кеңес береді және жергілікті мамандармен тәжірибесін бөліседі. Оның тәжірибесінде аневризмаларды, артериялық-веналық мальформацияларды және инсультке әкелуі мүмкін басқа да тамыр патологияларын емдеуге арналған жоғары технологиялық оталар бар. Сондай-ақ қан тамырларына стент қою және бұзылған қан айналымын қалпына келтіру операцияларын жасайды.

Мұндай сапарлар науқастарға мамандандырылған медициналық көмекті шалғай аймақ емес, өз жерінде алуға мүмкіндік береді. Енді жүздеген шақырым жол жүріп, ірі медициналық орталықтарға барудың қажеті жоқ. Ал өңірлік дәрігерлер елдегі жетекші мамандардың бірімен бірге жұмыс істеп, оның заманауи тәсілдерін меңгере алады.

Бердіқожаев жаңа технологияларды көрсетумен ғана шектелмейді. Ол әріптестерімен бірге операцияларға қатысып, күрделі клиникалық жағдайларды талдайды, олардың практикалық дағдыларын жетілдіруге атсалысады. Осылайша әлемнің жетекші клиникаларында жинақталған білім біртіндеп қазақстандық медициналық мекемелердің күнделікті тәжірибесіне енгізіліп келеді.

Оның кәсіби тәжірибесіне шетелдік әріптестері де қызығушылық танытады. Олар нейрохирургті шеберлік сабақтарына, бірлескен операцияларға және халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысуға шақырады.

Мынжылкы Бердиходжаев
Фото: Мыңжылқы Бердіқожаевтың жеке мұрағатынан

Дегенмен дәрігер отандық нейрохирургия мектебінің дамуына көбірек көңіл бөледі. Оның мақсаты — заманауи емдеу әдістері барған сайын көп науқасқа қолжетімді болатын кәсіби орта қалыптастыру. Өйткені ол үшін бір адамның өмірін сақтап қалу ғана емес, ертең өзгелердің де өмірін құтқара алатын мамандарға білім беру маңызды.

Қазақстандық хирургтер шетелдік әріптестеріне тәжірибе үйретіп жүр

Бүгінде Мыңжылқы Бердіқожаевтың есімі халықаралық кәсіби ортаға жақсы таныс. Ол ғылыми конференцияларға тұрақты қатысып, күрделі оталарды көрсетіп, шеберлік сабақтарын өткізеді, түрлі елдердің мамандарымен тәжірибе алмасады.

2025 жылғы маусымда Парижде өткен халықаралық конференцияда оның жетекшілігімен ми қан тамырларына екі күрделі ота жасалды. Науқастардың бірінде қан құйылумен асқынған артериялық-веналық мальформация, екіншісінде аневризма мен артериялардың айқын тарылуы анықталған.

Операциялардың барысын эндоваскулярлық нейрохирургия саласындағы жетекші мамандар тікелей эфирден бақылаған. Екі ота да сәтті аяқталды.

Бердіқожаев үшін мұндай шаралар, ең алдымен, кәсіби тәжірибе алмасуға, күрделі клиникалық шешімдерді талқылауға және Қазақстанда қолданылатын технологияларды таныстыруға мүмкіндік береді.

Ол білімін халықаралық конференцияларда ғана бөлісіп жүрген жоқ. Нейрохирург 2014 жылдан бастап кәсіби қауымдастыққа арналған операцияларды бейнетрансляция арқылы көрсете бастаған. Оның YouTube арнасында ағылшын тіліндегі түсіндірмелері бар жүздеген хирургиялық операцияның видеосы жарияланған.

Әлемнің әртүрлі еліндегі дәрігерлер бұл жазбаларды көріп, күрделі хирургиялық манипуляциялардың орындалу тәсілдерін зерттей алады, клиникалық әдістермен танысып, стандарттан тыс шешімдерді талқылайды.

- Біз мұны тәжірибе алмасу үшін бастадық. Трансляциялардың бірінен кейін маған Париж бен Токиодағы әріптестерім хабарласты. Олар келіп, біздің команданың қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көргісі келетіндерін айтты, — деді Бердіқожаев.

Осылайша қазақстандық операциялық бөлімше науқастар емделетін орын ғана емес, халықаралық білім алмасу алаңына да айналды.

Бір түнде жеті ота және операция бөлмесінен тыс өмір

Нейрохирургтің кәсіби жетістіктерінің артында науқастардың көбі біле бермейтін тынымсыз еңбек тұр. Оның тәжірибесінде бір күнде бірнеше күрделі операцияны қатар жасауға тура келетін кездер аз емес. Кейде шұғыл оталар түні бойы жалғасады. Әрбір операция толық зейінді, дәлдікті және шешімді жылдам қабылдауды талап етеді.

Соған қарамастан Бердіқожаев жұмысын тек ауыр міндет ретінде қабылдамайтынын айтады.

- Ең кереметі — жұмысыңның хоббиіңе айналуы. Мен операция жасаудан ешқашан шаршамаймын. Керісінше, өзім жасаған оталардың нәтижесін көргенде, бойыма күш-қуат біткендей болады, — деді ол.

Кейде ол бір қаладан екінші қалаға ұшқан уақытта ғана демалуға үлгередң. Осындай тығыз кестеге қарамастан, ол отбасына да уақыт бөлуге тырысады екен.

- Кейде ұшақта ғана ұйқымды қандырамын. Ал үйге келгенде әйелімнің дәмді тамағы мен балаларымның құшағы шаршағанымды басады, — деді нейрохирург.

Оның айтуынша, бұл мамандық жоғары біліктілікті ғана емес, өміріңнің едәуір бөлігін кәсібіңе арнауға дайын болуды да талап етеді. Өйткені шұғыл нейрохирургияның қатып қалған кестесі жоқ. Науқасқа жедел көмек қажет болса, дәрігер тәуліктің кез келген уақытында әрекет етуге дайын болуы тиіс.

онымен бірге Бердіқожаев көп жылдық тәжірибе болса да, тоқтамау керегін айтады. Ол жаңа технологияларды зерттеп, халықаралық білім беру шараларына қатысуды және күрделі клиникалық жағдайларды талдауды жалғастырып келеді. Нейрохирургияда бір рет білім алып, «бәрін меңгердім» деп тұрып қалуға болмайды.

Жас дәрігердің тағдырын өзгерткен кездесу

Мыңжылқы Бердіқожаевтың жас буынға ықпалы туралы ең әсерлі оқиғалардың бірі – Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі Шаяхмет Маханбетханмен байланысты.

Бірнеше жыл бұрын Шаяхмет алтыншы курста оқып жүргенде хирург болуға бел буғанымен, нақты қай бағытты таңдайтынын әлі шешпеген. Бірде университеттің студенттік қауымдастығы Мыңжылқы Бердіқожаевпен кездесу ұйымдастырды. Белгілі нейрохирург өз мамандығы, күрделі операциялар және заманауи медицинаның мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.

Бұл кездесу тыңдаушылардың бірі үшін тағдырлы сәтке айналды. Шаяхмет нейрохирургияға қатты қызығып, болашаққа құрған жоспарын өзгертіп, осы мамандыққа бет бұруды ұйғарды. Кейін Мәскеуде білім алып, АҚШ пен Жапонияда тағылымдамадан өтті, аз инвазивті хирургияның заманауи әдістерін меңгерді.

Мынжылкы Бердиходжаев
Фото: Мыңжылқы Бердіқожаевтың жеке мұрағатынан

Бүгінде Шаяхмет Маханбетхан ми мен омыртқаға күрделі операциялар жасауға қатысып, ісіктері, тамыр патологиялары және ауырсыну синдромдары бар науқастарды емдейді. Ал Мыңжылқы Бердіқожаев оның ұстаздарының бірі саналады.

- Мен оларды нейрохирург ретінде ғана емес, осы бағыттың көшбасшылары ретінде де құрметтеймін. Олар клиникалық жұмысты педагогикалық қызметпен ұштастырады, өз білімін көрсетіп, тәжірибесін бөліседі. Мұның бәрі тұтас саланың дамуына ықпал етеді, — дейді Шаяхмет ұстазы туралы.

Кәсіби тәлімгерліктің күші де осында. Университет аудиториясындағы бір кездесу жас адамның болашақ мамандығын таңдауына әсер етуі мүмкін. Ал жылдар өткен соң сол жас маманның өзі науқастардың өмірін сақтап, жаңа технологияларды қолданып, ұстаздарының ісін жалғастырады.

«Медицина — спринт емес, марафон»

ҚазҰМУ-да өткен мотивациялық кездесулердің бірінде болашақ дәрігерлер одан алғашқы операциялары, кәсіби қорқыныштары, сәтсіздіктері мен жұмыстың қиындығы туралы сұрады.

Нейрохирург өз жолын үздіксіз жетістіктерге толы етіп көрсеткісі келмеді. Керісінше, ол өз қателіктерін, жылдар бойы тынымсыз оқығанын және кейде өз күшіне күмәнданған сәттерін еске алды.

Жас кезінде ол «қолың ауыр» деген сындарды да естіген. Сондықтан ол операция жасау дағдыларын қайта-қайта жаттықтырып, жетілдіруге мәжбүр еді. Студенттерге хирургиялық түйін байлауды қалай үйренгенін, бос уақытын медициналық кітап оқуға қалай арнағанын және әрбір ұсақ-түйек маңызды болатын мамандықты біртіндеп қалай меңгергенін айтып берді.

- Мен түнгі клубтарға барып көрмедім, дискотеканың не екенін де білмедім. Бос уақытымның бәрін кітап оқуға арнайтынмын. Бірақ бір күні осының бәрі менің өмірім екенін және бұл жолды саналы түрде таңдағанымды түсіндім, — деп еске алады дәрігер.

Ол жас маман үшін жылдам жетістікке жетуге ұмтылғаннан гөрі шыдамдылық, кәсіби тәртіп және науқасқа деген құрмет маңызды деп санайды.

- Қателесуден қорықпаңыздар. Алғашқы айларда сіздер әлі үйреніп жүресіздер, бұл қалыпты жағдай. Ең бастысы — шыдамдылық пен өмірге құрмет. Жақсы хирург болу үшін жеке қызығушылықтарыңның басым бөлігін кейінге ысыруға дайын болу керек. Сонымен бірге батыл болып, тәуекел ете білу және шешімді жылдам қабылдауға дайын болу қажет, — деді Бердіқожаев.

Кездесуден кейін студенттер ұзақ уақыт тарамай, дәрігерге сұрақтарын қойып, алғыстарын айтып, естелік суретке түсіп, ақыл-кеңестерін жазып алды. Оның кәсіби ұстанымын бір ауыз сөзбен түйіндеуге болады. «Медицина — спринт емес, марафон. Ең бастысы — шыдамдылық пен өмірге құрмет».

Елде қалуды таңдаған азамат

Мыңжылқы Бердіқожаев — «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының қатысушысы, «Алтын скальпель» кәсіби сыйлығының лауреаты. Оның еңбегі Қазақстанда да, шетелде де жоғары бағаланған.

Алайда оның жетістігі марапаттар мен кәсіби атақтардан ғана тұрмайды. Бұл — бір кездері Еуропада мансабын жалғастыруға мүмкіндік алған жас маманның маңызды таңдауы туралы оқиға.

Мынжылкы Бердиходжаев
Фото: Мыңжылқы Бердіқожаевтың жеке мұрағатынан

Сол кезде ол Қазақстанға оралуды ұйғарды. Бүгінде бұл шешімнің артында мыңдаған ота, медицинаға енгізілген жаңа технологиялар, өңірлік ауруханаларға сапарлар, әріптестерімен бірлескен жұмыс және оны ұстаз санайтын жас дәрігерлер тұр.

Ол әлі де операция жасап, білімін жетілдіріп, тәжірибесін бөлісіп, отандық нейрохирургияның дамуына үлес қосып келеді.

Мыңжылқы Бердіқожаев бір кездері өзіне «Барлық маман шетелге кетсе, ата-анамызды кім емдейді?» деген сұрақ қойған еді. Бәлкім, оның кейінгі бүкіл өмірі осы сұрақтың жауабы болған шығар.

Өйткені дәрігердің шынайы жетістігі — өзі сақтап қалған өмірлермен ғана өлшенбейді. Оның артында қалдырған білімі, шабыт берген адамдары және өз елінің медицинасына ашқан жаңа мүмкіндіктері де маңызды.

Еске салсақ, бұған дейін Анастасия Городко ауыр жарақаттан кейін әлемдік аренаға қалай оралғаны туралы жазғанбыз.