Атап айтқанда, заң ҚР Парламенті депутаттарының бастамашылдығымен әзірленген. Заңның негізгі мақсаты — жұмыскерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту, әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қауіпсіздігі стандарттарын арттыру және еңбек қатынастарының негізгі рәсімдерін нақтылау жөніндегі еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіру.
— Бүгін Сенат әріптесіммен бірге әзірлеген заңымызды мақұлдады. Бұл — адамдардың жылдар бойы кезігіп келген нақты мәселелеріне берілген жауап. Заңның авторы ретінде барлығын рет-ретімен, қарапайым тілмен түсіндіріп берейін. Біріншіден, скрининг — жұмыс берушінің есебінен. Көбі жалақыдан қағылмау үшін арнайы скринингке баруға қорқады. Жұмыс беруші сізді орташа жалақыңызды сақтай отырып, 3 күнге дейін скринингке жіберуге міндетті. Енді eGov немесе SMS арқылы «тексерілетін уақыт келді» деп хабарлама келеді. Ал кадр қызметі қызметкерді скринингке жіберуі тиіс. «Білмедім» немесе «жібермеді» деген сылтау енді жүрмейді. Болмаса — жауапкершілік. Біз мәселе көтерсек, оны заңдағы нақты нормалар арқылы шешеміз, — деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар депутат ауысым алдындағы тексеруге біраз уақыт жұмсалатынын айтты. Жүргізушілер мен зауыт жұмысшылары тексеруден өту үшін сағаттап кезекте тұрады. Бұрын бұл уақыт төленбейтін. Жаңа норма аясында ауысым алдындағы тексеру міндетті болса, онда ол жұмыс уақыты ретінде есептеледі. Ол есепке алынып, төленуі тиіс. Бұл норма кәсіпорындарды процесті автоматтандыруға ынталандырады немесе кезекте тұрған әр сағат үшін ақы төлеуге тура келеді.
— Кішкене қателік үшін адамды бірден жұмыстан шығаруға болмайды. Заң жұмыс берушіні жаза қолданарда теріс қылықтың ауырлығын, мән-жайды және қызметкердің өкінетінін ескеруге міндеттейді. Жаза жасалған іске сай болуы керек, — деді Асхат Аймағамбетов.
Бұдан бөлек ол еңбек жағдайлары тек жазбаша тәртіпте өзгеретінін атап өтті. Жалақы, график, жұмыс орны — кез келген өзгеріс тек жазбаша немесе ЭЦҚ арқылы және 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей хабарлануы тиіс. Ауызша «ертеңнен бастап басқаша істейсің» дегеннің заңды күші жоқ.
— «Больничныйдағы» тұзақтарға жол жоқ. Егер сіз ауырып жүргенде еңбек шартының мерзімі аяқталса, сізді жұмыстан шығара алмайды. Шарт аурухана парағы аяқталғанша ұзартылады, — деп нақтылады депутат.
Мұнымен қоса заңда жұмыстан шығу еркіндігі ескерілген. Жұмыстан кеткіңіз келсе, шыға бересіз. Жұмыс беруші материалдық жауапты адамдарды «іс қабылдап алу» деген сылтаумен шексіз ұстап отыруға құқығы жоқ. Бір айдың ішінде іс өткізуді ұйымдастырып, содан кейін құжаттары мен толық есебін беруге міндетті.
— Әкімдіктер еңбек тыныштығына жауапты. Өңірлік билік еңбек дауларының алдын алуға және комиссиялардың жұмысына заңмен міндеттелді… Ар-намыс пен абырой заң қорғауында. Біз алғаш рет Еңбек кодексінде қызметкердің ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу және жеке өміріне қол сұғылмау құқығын бекіттік. Басшылық тарапынан дөрекілік, буллинг немесе жеке істерге араласу оқиғалары енді заңды бұзу дерегі ретінде саналады. Бұл заң қарапайым адамды қорғауға арналған. Біз құрал бердік, енді әрқайсымыз өз құқығымызды білуіміз маңызды, — деді Асхат Аймағамбетов.