Ларс Лёкке Расмуссен 2009 жылдан бері Қазақстанға келіп тұрған Даниядағы бірінші министр екен. Сөзінше, оның Қазақстанға сапары Данияның екіжақты қарым-қатынасты дамытуға деген ниетін көрсетеді.
Ол Carlsberg компаниясының Алматы облысындағы жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады. Айтуынша, құны 344 миллион доллар болатын жоба екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қандай нәтижелерге әкелетінін көрсетті.
- Қазақстан мен Дания географиялық тұрғыдан бір-бірінен алыс орналасқан мемлекеттер болғанымен, бұл бірлесіп жұмыс істеуге кедергі емес. Бүгін ашылған жаңа кәсіпорын – соның айқын дәлелі. Ең бастысы – бірге жұмыс істеуге деген ниетіміз, бір-бірімізге деген сенім және ұзақ мерзімді серіктестікке дайындығымыз. Бүгін біз соның нақты үлгісін көріп отырмыз, - деді Дания сыртқы істер министрі.
Расмуссен Қазақстанның әлеуетін өте жоғары бағалайтынын және бұл ел Орталық Азиядағы экономикалық өсімі жоғары мемлекеттердің бірі екенін атап өтті. Сол себепті Carlsberg сынды ірі компаниялар Қазақстанға қызығушылық танытып, қомақты инвестиция салып жатыр. Ол мұны жай ақша беру емес, ұзақ мерзімді міндеттеме ретінде көретінін айтады.
- Екі ел арасындағы берік әрі ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды негізінен компаниялар және инвестициялар қалыптастырады. Даниялық компания Қазақстанға инвестиция салғанда, ол ақша ғана емес, технология, тәжірибе, жұмыс орындары және, ең маңыздысы, елдің болашағына деген сенімді арқалап келеді. Серіктестік осылайша нақты іске, ірі жобаға айналады, - деді ол.
Carlsberg Қазақстанда отыз жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал бұл жаңа жоба тағы 200 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Министр Carlsberg-тің бұл инвестициясы Қазақстанға басқа да даниялық компаниялардың қаржы құюына жол ашады деген үмітте.
- Аудандық та, өңірлік деңгейде де жобаға қолдау көрсетілді. Осы ретте жергілікті билік органдарына алғыс айтқым келеді. Жас кезімде өзім де әкімдікте жұмыс істегенмін. Сондықтан бұл жобаның бір жылдан аз уақыт ішінде жүзеге асырылғанына өте қатты таңғалдым. Осылайша Қазақстанның бизнес үшін жағдай қалыптастыра алатынын көрдік, - деді шетелдік шенеунік.
Ол кәсіпорында пайдаланылатын барлық өнімнің 70%-ы жергілікті өңірде өндірілетініне мән берді. Бұл өз кезегінде қосымша экономикалық белсенділікті қалыптастырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады дейді.
- Бұл – екі тарапқа да тиімді ынтымақтастық. Себебі жоба Қазақстанның экономикасына, соның ішінде өңір экономикасына үлес қосып қана қоймай, Даниядағы бизнестің дамуына да маңызды серпін береді, - деп атап өтті ол.
Дания сыртқы істер министрінің Қазақстандағы жоспары
1 қазан мәртебелі қонақ зауыт ашылуынан бөлек Қонаевта өтетін ірі Қазақстан-Дания бизнес форумына қатысады.
Ал 2 қазан Астанада Ларс Лёкке Расмуссен Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездеседі. Кездесуден кейін Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссия құру және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылмақ.
- Дания мен Қазақстан арасындағы келіссөздер Еуропалық Одақтың Орталық Азиямен қарым-қатынасты кеңейту ниетімен үндеседі. Кездесулерде Данияның ғана емес, Еуропалық Одаққа мүше басқа елдердің де Орталық Азиядағы қызметін әрі қарай кеңейтуге бағытталған меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр, - деді Ларс Лёкке Расмуссен.
Еске салсақ, даниялық FLSmidth Қазақстандағы өндірісті локализациялауға инвестиция құятыны хабарланды.