ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Арал теңізінде жоғалып кеткен екі балықшының бірінің денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысында 2 қарашада Арал теңізіне балық аулауға шыққан екі балықшы жоғалып кеткен еді.
Онда қатты жел тұрып, күннің күрт құбылуы салдарынан «Бақыт» шаруа қожалығында келісім-шарт бойынша еңбек еткен 25 және 26 жастағы екі азаматтың хабарсыз кеткені айтылған болатын.
Арал аудандық жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі басшысы Шерхан Есжанов жоғалып кеткен екі балықшының бірінің денесі табылғаны мәлім етті. Балықшының денесі №8 балық учаскесі аумағынан табылған. Қайықтағылар №16 учаскеде балық аулаған.
«Марқұм Арал қаласында тұрады. Теңізден іздестіріліп жатқан екінші балықшы Қызылорда қаласының тұрғыны. Ол да аталған шаруа қожалығында еңбек еткен», - деді Шерхан Есжанов.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.