ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысындағы Кіші Арал теңізі аумағында екі күн бұрын моторлы қайықтан аударылып, суға батып кеткен 43 жастағы азаматтың денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, оқиға 7 шілдеде Кіші Арал теңізі аумағында болған. Ол Ақеспе ауылынан 3 шақырымдай қашықтықта орналасқан. 1978 жылғы азамат сағат 16.00-де моторлы қайықпен кетіп бара жатқан сәтінде теңізге батып кеткен.
«Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасағынан 4 құтқарушы мен 1 техника барды. Суға кеткен азаматтың мүрдесі 9 шілдеде сағат 17.43-те табылды. Құтқарушылар марқұмның мәйітін туысқандарына тапсырды», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің маманы Әлия Ережепова.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 38 адам суға кеткен. Оның ішінде 20-сы бала.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.