Арай Дүйсенаева: Мақсатым - полиция қызметінде жемісті еңбек ету

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы полиция департаментінің тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы қызметін атқаратын Арай Дүйсенаева бұл салада еңбек етіп келе жатқанына 15 жылға жуықтап қалды. Қиындығы мол қызмет болғанмен сол абыройлы міндетті адал атқарып, бүгінде тәжірибелі маманның біріне айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арай полиция қызметкері болуды бала жасынан алдына мақсат етіп қойды. Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназияны үздік бітірген жас қыз сол арманның жетегімен 2004 жылы ҚР Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң колледжіне заңгер мамандығына оқуға түсті. Ал 2010 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің заңгер мамандығын тәмамдады. Еңбек жолын 2006-2008 жылдарда Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасында анықтаушы қызметінен бастады. Ал 2008-2016 жылдарда облыстық ішкі істер департаментінде аға анықтаушы болды. 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін облыстық полиция департаментінде аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы қызметін абыройлы атқарып келеді.

«Менің қызметім үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір ұсақ-түйекке мән беруіміз тиіс. Мұндай дүниелерді жіті назарда ұстауымыз қажет. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Өз қызметімді жауапкершілікпен атқаруға тырысамын», - дейді Арай.

Арай Дүйсенаева 1988 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. Оның әулетінде бұрынғы жылдарда да полиция қызметінде болған кісілер бар. Атасы Латиф Дюсенаев 40 жылға жуық ішкі істер органдарында еңбек етті. Ал ағасы Ержан Кубенов 1998-2015 жылдар аралығында криминалды полиция саласында қылмыспен күресті, бүгінде отставкадағы полиция подполковнигі.

Жас болса да Арай өз ортасына сыйлы. Ол жарқын да жылы жүзімен көпшілікті баурай түседі. Отбасында көрген тәрбие оның адами болмысына әсер етті. Қайратты да қажырлы болуына септігін тигізді. Қызмет пен отбасының берекесін қатар ұстап, шаңырағының ұйытқысы, адал жар, аяулы ана Арай қазіргі таңда отағасымен бірге екі ұл тәрбиелеуде. Жұмысында салмақты, ер адамдарша қайыспас нардай іс тындыратын біздің кейіпкеріміз, ошақ басында – мейірімді ана, аяулы әйел, құрбы-құрдасқа – барынша ашық та шынайы.

Арайдың қазіргі әскери шені - подполковник. Ол қазақ қыздарының өз отбасы мен қоғам тәрбиесін қатар ала жүріп, сол жолда биік абырой-беделге ие болып отыр.

«Полиция қызметінде 15 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бұл салада жемісті қызмет ету - менің бала кездегі арманым. Қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алып, бейбіт өмірді қалыптастыруға күш-жігерімді салып келемін. Осы тұста атам мен ағамнан алған өмірлік дағдыларым қызметімді абыроймен атқаруға септігін тигізуде», - дейді Арай Дүйсенаева.