Әрбір учаскелік полиция пунктін компьютермен толық қамтамасыз ететін уақыт жетті - ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы әрбір учаскелік полиция пунктін компьютермен қамтамасыз етілуі керек. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі жергілікті полиция қызметі тақырыбына арналған Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

«Қылмыспен күрестегі ең басты бағыт - алдын алу. Сондықтан да, еліміздің әрбір өңірінде қылмыстың алдын алудың тиімді жүйесі болуы керек, қылмыстың алдын алудың оңтайлы үлгісі керек. Бұл жұмыста әлі де болса жергілікті атқарушы органдардың, қоғамның әлеуеттері толық қамтылмай отыр, халыққа қажетті тірек те дұрыс қалыптаспаған. Айта кетерлігі, кейбір өңірлерде қылмыстың алдын алуға қажетті материалдық-техникалық база жеткілікті деңгейде емес, әсіресе ауылдық жерлердегі учаскелік инспекторлардың әлеуметтік қамтылуына да жағдай тиісті деңгейде жасалмаған», деді министр Қ. Қасымов.

Министрдің айтуынша, республика бойынша 2700 учаскелік пункт болса, оның тең жарымына жуығы жөндеуді қажет етеді. Қосымша жаңадан 430 жаңа учаскеліп полция пункттері салынуы қажет.

«Қазіргі таңда әрбір учаскелік пунктті компьютермен қамтамасыз етіп, оларды Ішкі істер министрлігінің ақпараттық базасына қолжеткізімділігін қамтамасыз ететін кез жетті. Өкінішке қарай, қазіргі күні учаскелік пункттердің тек 38 пайызының ғана біздің ортақ базамызға қолжетімділігі бар», - деді министр.