Ардагерлер жасара береді: Тоқаев тегін медициналық көмекті кімдер алып жүргені туралы

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тегін медициналық көмектің жеңілдіктерін алып жүрген кей санаттарды сынға алды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Бұған дейін Президент елдің әлеуметтік міндеттемелерден бас тартпайтынын, тегін медициналық көмек алуға құқығы Конституцияда бекітілгенін айтқан еді.

– Тегін медициналық қызметтердің тізімі мұнымен түгесілмейді. Азаматтарымыздың басым бөлігі оның игілігін көріп жатыр. Бір қызығы, неге екені белгісіз, ақысыз медициналық көмекке жүгінушілердің саны жазғы демалыстан кейін күзде, қыста және ерте көктемде күрт артып, келесі демалыстарға дейін жалғасады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында.

Сондай-ақ Президент өз ұсынысымен құрылған «Қазақстан халқына» қорын еске салды. Аталған қор да көп көмек көрсетеді, әсіресе ауыр дертке шалдыққан балаларға қол ұшын созады.

– Дәрігерлердің мәліметі бойынша мұндай жеңілдіктерді өткен ғасырдағы соғыстар мен қақтығыстарға, апаттарды жоюға қатысқан «ардагерлер» пайдаланып жүр. Бұл оқиғалардың бәрі тарих қойнауына кетті, бірақ, неге екені түсініксіз, ардагерлер жасара береді, – деді Мемлекет басшысы.

Әлеуметтік салада, әсіресе, түрлі деңгейдегі мүгедектікті айқындаған кезде әлі де заңды белден басу фактілері кездеседі.

– Біз кездері мүгедектігі бар жандар 800 мыңнан асып кетті, ал халық саны – 20 миллион. Бейбіт заманда бұған сену қиын. Жазушы Чеховтің сөзімен айтсақ, «Бұлай болмауға тиіс, өйткені олай болуы ешқашан мүмкін емес», – деді Қ. Тоқаев.

Бұған дейін Президент ел ішіндегі жолдардың сапасына шүйлігіп, саботажға теңеген еді.

Қазақстанның ірі қалаларындағы тазалық, қауіпсіздік және жайлы қоғамдық кеңістіктер шетелдік қонақтардың да назарын аударып отыр.

Сондай-ақ астаналық Урбанистика орталығының тәжірибесін өңірлерге тарату қажет.