Ардагерлерге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы түрінде 1,5 млрд теңге төленді

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда 76 059 ардагер тұрады, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

— Оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 69 ардагері, жеңілдіктер бойынша соғыс ардагерлеріне теңестірілген 16 250 ардагер, 26 626 басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлері, 33 114 Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері бар. 2026 жылы аталған санаттардағы азаматтарға 1,5 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2026 жылы осы мақсаттарға 17,7 млрд теңге қарастырылған, — делінген министрлік хабарламасында.

Республикалық бюджеттен берілетін ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ардагерлердің барлық санатына, өзге де әлеуметтік төлемдерді алуына қарамастан, мынадай мөлшерде төленеді:

  • Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері — 16 АЕК (2026 жылы — 69 200 теңге);
  • жеңілдіктері бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, олардың ішінде:

— Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде жарақат алуы, контузия алуы, мертігуі немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар — 7,55 АЕК (2026 жылы — 32 654 теңге);

— жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына теңестірілген тұлғалар — 6,19 АЕК (2026 жылы — 26 772 теңге);

  • басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, оның ішінде:
  • Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар — 6,19 АЕК (2026 жылы — 26 772 теңге);
  • Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер — 4,8 АЕК (2026 жылы — 20 760 теңге);
  • Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері — 2,13 АЕК (2026 жылы — 9 212 теңге).

Бұған дейін тараздықтар соғыс ардагері Мүтәліп Ережепбаймен қоштасқанын жазған едік.