Бұл ойынның қос құрама үшін маңызы ерекше еді. Аргентиналық футболшылар қазірге дейін 1978, 1986, 2022 жылдары әлем чемпионы атанды. Сондықтан сол жеңісті жолды биыл да жалғастырғысы келеді. Олар 1930, 1990, 2014 жылдары күміс жүлдеге қол созды.
Ал Англия құрамасы 1966 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алған еді. Одан кейін тек 2014 жылы төртінші орынға табан тіреді. Ендеше, англиялық футболшылар алпыс жылдан кейін алтынға қол созуға тағы бір табан жақын тұрды.
Кездесу барысында командалар алғашқы минуттан бірден шабуылға көшті. Қос құрама гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Десе де бірінші кезеңде олар үшін есеп ашатын ешқандай қолайлы сәт туындаған жоқ.
Екінші кезеңде де ойын барысы дәл осындай жағдайда өрбіді. Ойынның 55-минутында англиялық Энтони Гордон есеп ашса, оған Оңтүстік Америка құрлығынан келген құрамадан Энцо Фернандес 85, Лаутаро Мартинес 92-минутта екі голмен жауап берді.
Осылайша Аргентина қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.
Аргентиналық футболшылар J тобында сынға түсіп, бірде-бір ұпайдан шашау шығарған жоқ. Олар Аустрияны 2:0, Алжирді 3:0, Иорданияны 3:1 есебімен тізе бүктіріп, өз тобында тоғыз ұпаймен бірінші орын алды. Одан кейін аргентиналық футболшылар Кабо-Вердені қосымша кезеңде 3:2, Мысырды 3:2, 1/4 финалда Швейцарияны қосымша кезеңде 3:1 есебімен жеңді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Испания құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Францияны 2:0 есебімен жеңді.
Енді финал мен 3-орын үшін сайыс 19 шілдеге белгіленген.