АСТАНА. ҚазАқпарат – Аргентина, Уругвай, Чили және Парагвай елдері футболдан 2030 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Бұл туралы Аргентина футбол федерациясының басшысы Клаудио Тапиа мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аргентина футбол федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл аталмыш төрт елдің тарихындағы маңызды оқиға болмақ.
«Әлем кубогының 100 жылдығы қарсаңында біз оны тағы да өткізуді армандаймыз. Біз, оңтүстікамерикалықтар, футболмен өмір сүреміз. Бұл үлкен міндеттеме екендігін білеміз. Аргентина, Уругвай, Парагвай және Чилидің 2030 жылғы әлем чемпионатын өткізуге лайық екендігін бүкіл әлемге дәлелдейміз», деді К.Тапиа.
Аргентинаның өткен жылы Қатардағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанғаны мәлім.
Келесі дүниежүзілік біріншілік 2026 жылы АҚШ пен Мексикада өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Криштиану Роналдудің Сауд Арабиясының футболына қандай өзгеріс әкелгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Лионель Месси Оңтүстік Американың үздік ойыншысы атанды.
Фото – Сhampionat.com
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).