Криштиану Роналду Сауд Арабиясының футболына қандай өзгеріс әкелді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бұдан бір айдан астам уақыт бұрын португалиялық шабуылшы Криштиану Роналдудың Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубына ауысқаны жанкүйерлердің назарын аударғаны мәлім, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сhampionat.com сайтынан мәлім еткеніндей, осы мерзім ішінде Роналду жаңа командасы сапында алаңға шығып, гол да соғып үлгерді. Әйтсе де оның Сауд Арабиясына келуі әзірге көпшілік күткендегідей, нәтиже бере қойған жоқ.

Роналду жанкүйерлері қай жерде де жеткілікті әлемдік деңгейдегі жұлдыз болса, Сауд Арабиясы осындай қадамдармен туристерді көбірек тартқысы келеді. Корольдік 2030 жылға қарай 100 млн адамды тартып, туристерді көп қабылдайтын әлемдегі бес жетекші елдің қатарына қосылуды көздеуде.

Роналдумен келісімге қарсылар оған орасан зор қаржының жұмсалуы өзін-өзі ақтамайды деп біледі. Әсіресе, олардың дауыстары португалиялық жұлдыздың «Аль-Наср» ойынын кереметтей жақсарта қоймағаннан кейін қатты естіле бастады. Дегенмен Роналдудың футбол елшісі ретіндегі миссиясын жақтайтындар да аз емес. Олар бір ғана айдың ішінде клубтың нарықтағы бағасы 80 млн еуроға немесе 34 пайызға өскендігін алға тартады, бұл Саудия біріншілігіндегі қарсыластарының бәрінен көп. Роналдудың трансфері табыс әкелумен қатар жаңа ойыншылардың келіп, демеушіліктің артып, көрермендер қатарының молаюына әсер етеді деген үміт бар. Мысалы, «Аль-Наср» дүкенінде күн сайын арқасында «Роналду» деген жазуы бар 400 футболка сатылады екен. Оның бағасы арзан емес, 100 доллар. Сол секілді Роналду келгеннен кейін аталмыш клубтың әлеуметтік желідегі парақшасына жазылғандар саны бір айда 12 млн адамға өскен.

Сауд Арабиясының чемпионатын әлем елдері теледидарларынан көрсете бастауы да – игі бетбұрыстың бірі. Қаңтар айының ортасында PRO-лига дүниежүзілік нарықта медиақұқықты сатуға септесетін IMG агенттігімен келісімге отырған. Қазірдің өзінде көптеген елдерде, бірінші кезекте Португалия, Испания, Қытай, Таиланд және Индонезияда 37 телеарна Саудия лигасының матчтарын көрсетуде. Бұл басы ғана. Лига телекөрсетілімдер үшін қосымша сұраныстар алуда. Португалияның Sport TV телеарнасы «Аль-Насрдың» әрбір ойынын көрсетуде. Италияда SportItalia телекөрсетілім ғана емес, команда мен біріншілік туралы репортаждар сериясын ұсынбақшы.

Роналдудың келуіне байланысты біріншілік басшылығы да өзгерді. Бұрын Nike, «Манчестер Сити» және UFC-та басшылық қызмет атқарған Гарри Кук лиганың атқарушы президенті әрі бас директоры болды.

Қорыта айтқанда, әр тараптан Криштиану Роналдудың ойынын тамашалағысы келетін жанкүйерлердің көбейері анық. Бұл да Сауд Арабиясына табыс әкелетіні түсінікті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Криштиану Роналду жалақысының басым бөлігі Сауд Арабиясының бюджетінен төленетінін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Криштиану Роналду «Аль-Наср» құрамында алғашқы голын соқты.

Гарри Кейн «Тоттенхэм» тарихында ең мерген ойыншы атанды.

Фото – Сhampionat.com


Соңғы жаңалықтар